Жаңалықтар

ҚазҰУ ғалымдары гуминді қышқыл алудың технологиясын ұсынды

18.01.2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Жаңа химиялық технологиялар және материалдар ғылыми- зерттеу институтының ғалымдары елімізде өндірілетін қоңыр көмірден гуминді қышқыл алудың технологиясын ойлап тапты, – деп хабарлайды «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ Баспасөз қызметі.

Гуминді қышқыл – молекулалық құрылымы жоғары табиғи ортада органикалық түрде кездесетіні белгілі. Ол өсімдік шірінділерінен пайда болатындықтан, гуминді қышқыл микроорганизмдерге бай қарашірінді, су және оттегіден тұрады. Бүгінде гуминді қышқыл сауықтыратын қасиетке ие болғандықтан ғалымдар оны медицина мен ветеринария саласында кеңінен қолданып келе жатқанын білеміз. Оның құрамында 70- ке жуық пайдалы зат мен 20- ға жуық аминқышқылдары бар. Сонымен қатар, гуминді қышқыл пептид, минерал, гормон, полифенол, хинонға өте бай. Жақында ҚазҰУ ғалымдары еліміздегі «Қияқты», «Ой Қарағай», «Мамыт» кеніштеріндегі қоңыр көмірден гуминді қышқыл алуға болатынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді. Олар көмірді ультрадыбыстық өңдеуден өткізіп, гуминді қышқыл алудың тың технологиясын ұсынуда. Осылайша ҚазҰУ  ғалымдары гуминді қышқыл алудың дәстүрлі жолының орнын басатын тиімді тәсіл ойлап тауып, ғылыми ортаның қолдауына ие болды. Алдағы уақытта ультрадыбыстық өңдеу арқылы алынған гуминді қышқылдарды мал шаруашылығы саласында жануарлардың өсуін жеделдететін стимулятор және микротыңайтқыш ретінде пайдалануға болатынын айтуда. Маңызды ғылыми-зерттеу жұмысына х.ғ.д., профессор Е.А.Әубәкіров жетекшілік жасаған.

nauka.kz