Жаңалықтар

ҚазҰУ – «G-Global-дың үздік штабы»

21.06.2017

Астанада алғашқы «Жастар G-GLOBAL-ды қолдайды» республикалық байқауының нәтижесі белгілі болды. «G-Global» жаһандық ақпараттық-коммуникативтік платформасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастар штабы бірінші орын иеленіп, Қазақстанның 51 жоғары оқу орнының штабтары арасында үздік деп танылды.

Байқау өткен жылдың қараша айында ҚР БжҒМ қолдауымен басталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен жүзеге асқан «G-Global» ауқымды жобасын ілгері жылжытып, насихаттау мақсатында өткізілді. Атап өту керек, республикалық байқау қазақстандық жастар тарапынан үлкен қызығушылық пен шынайы қолдау тауып, жастардың шығармашылық, зияткерлік әлеуеті мен жасампаз қуатын біріктіруші алаңға айналды. Әлемдік экономика, адамдық капитал дамуы мен өркениеттің тұрақты дамуының өзекті мәселелері бойынша пікірталастарға жастардың белсене қатысуы жас ұрпақтың мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және инновациялық дамуында жауапкершілік пен тұрақты әлем құруда өз рөлін сезінетіндігін растайды.

«G-Global» халықаралық хатшылығының жетекшісі Серік Нөгербеков салтанатты түрде қатысушыларды белсенді азаматтық ұстаным танытқандығы үшін алғыс айтып, финалисттерді құттықтады. Жүлделі орын иеленген жеңімпаздар «G-Global» халықаралық хатшылығының дипломдарымен марапатталды. Осы орайда «Жастар G-Global-ды қолдайды» республикалық байқауында екінші және үшінші орынды Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ мен Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның штабтары иеленгенін айтып өткен жөн. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар байқауды жыл сайын өткізу жоспары туралы хабарлады. Олардың пікірінше, бұл жастарды өзін-өзі жетілдіріп, өзін-өзі танытуда ынталандыра түспек.

 

 

Баспасөз қызметі