Жаңалықтар

Токио Университетінің профессоры Тономура Масару

09.09.2017

Қиыр Шығыс кафедрасы академиялық ұтқырлық аясында Жапонияның көптеген жоғары санатты университеттерімен серіктестік байланыстар орнатып отыр. Атап айтар болсақ, Сайтама университеті, Осака университеті, Васеда университеті, Хоккайдо университеті, Токио шет тілдер университеті және Цукуба университеті. Сонымен қатар, кафедраның оқытушылары өз кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Japan Foundation және Nippon Foundation сияқты халықаралық қорлармен тығыз қарым-қатынас жүргізуде. Аталмыш байланыстардың нәтижесінде ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері жоғарыда аталған оқу орындарының қабырғасында біліктілігін арттыру мүмкіндігі бар. Бүгінде Жапонияға тағылымдамадан өтуге  жылына 15-20 шақты студент аттанады. Ал жылына бөлінетін шәкіртақының жалпы мөлшері 150 000 АҚШ долларын құрап отыр. Кафедра үшін бұл ауыз толтырып айтарлықтай жетістік екені сөзсіз.

Жаңа оқу жылы да Қиыр Шығыс кафедрасы үшін нәтижелі басталды. Олай деуіміздің себебі, ҚазҰУ-дың арнайы шақыруымен Токио университетінің гуманитарлық ғылымдар профессоры Тономура Масарудың дәріс курсы өткізілген болатын. Профессор Тономура көптеген ғылыми зерттеу жұмыстарының, әсіресе «Жапониядағы корей халқының тарихы» жайындағы қолжазбалардың авторы, Жапон тарихының білікті маманы, ұзақ жылдық тәжірибесі бар озық ұстаз. Профессордың дәрістеріне студенттер, магистранттар мен докторанттармен қатар кафедра оқытушылары да белсенді қатысты. Тыңдаушыларына арнап профессор Тономура қызықты да танымдық тұрғыдан пайдалы дәрістер оқыды. Дәріс мазмұны Жапонияның мәдениеті, тарихы, тілі мен діні т.б. негізгі аспектілерді қамтыды. Әңгіме барысында тыңдаушылар профессорға өз сауалдарын қойып, анық әрі нақты жауаптар ала алды. Осындай кездесулер жапон тілін меңгеруге талпынып жүрген әрбір студент үшін ой-өрісін кеңейтуге әрі білімін шыңдауға көмектесетін таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар, осы тәрізді іс-шаралар кафедрамыздың Жапон университеттерімен білім және ғылым саласындағы байланыстарын нығайтуына да өз септігін тигізері анық.

Мұндай кездесулер кафедра үшін таңсық емес. Мәселен, 2017 жылдың ақпан айында Қиыр Шығыс кафедрасының ұйымдастыруымен Цукуба университетінің жетекші профессорлары Уяма Томохико мен Оно Масаки қатысқан заманауи жапонтану мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференция өткізілген болатын. Аталмыш іс-шара кафедра оқытушыларына  бағыт-бағдар сілтеп, зерттеу жұмыстарына жаңадан серпін берді.

Қорытындылай келе айтарымыз, профессор Тономураның ҚазҰу-ға жасаған сапары Шығыстану факультеті мен Токио университетіндегі Өнер және Ғылым факультетінің арасында болашақ орнауы мүмкін байланыстың іргетасын қалағандай болды.