Жаңалықтар

ҚазҰУ-да сот жүйесіндегі жемқорлық жайы талқыланды

22.09.2017

«Азаматтық бақылау» Қоғамдық қабылдау жобасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Керемет» Жастар ресурстық орталығы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің әлеуметтік тапсырысы бойынша «Сот жүйесіндегі жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында сот жүйесінің қызметкерлері мен судьяларға арналған қалалық семинар-кеңес өткізді.

Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қалсы бойынша Департаментінің өкілдері, Алматы қаласының және аудандарының судьялары мен сот жүйесінің қызметкерлері, Алматы қалалық адвокаттар алқасы, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және Қазақстанның жетекші заңгер ғалымдары қатысып, тақырып төңірегінде кеңінен ойларын ортаға салды. Олар шара барысында сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау жолдарын қарастырып, судьяларға қойылатын ерекше мәртебе мен жоғары моральдық-этикалық талаптар мәселелерін талқылады. Сөйлеген сөзінде Алматы қаласы бойынша ҚР  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Департаментінің жемқорлық профилактикасы бойынша басқарма басшысы Елнар Тоқтарбайұлы «Бұл семинар сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Мұндағы басты міндет сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жою және оның әдіс-тәсілдерін әзірлеу», - деп атап өтті. 

Заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраева сот жүйесіндегі жемқорлық құқық бұзушылықтардың ашылмай қалуы тетіктерін тілге тиек етіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы сот органдардың рөліне тоқталды. Өз кезегінде пікір білдірген Ішкі істер департаментінің қызметкері органдағы әр маман ісіне жауаптылықпен қарап ғана қоймай, патриоттық таныту қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, адалдық пен ар-ождан жұмыс бабында алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Бірқатар заңғер ғалымдар болса сот корпусы, сот жүйесінің қызметкерлері мен қоғам арасындағы  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін қалыптастыруды қолдап отыр.

Баспасөз қызметі