Жаңалықтар

Заң ғылымының майталманы

14.10.2017

ҚазҰУ-да Қазақстанға әйгілі ғалым-заңгер, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Ұлттық ғылым Академиясының академигі, ҚР Жоғарғы мектеп Академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаевтың 90 жылдық мерейтойына және ғылыми-педагогикалық қызметіне 68 жыл толуына арналған «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінің дамуының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияға мемлекеттік  органдардың өкілдері - Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Т.С. Донаков, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы И.И. Рогов, ҚР Бас прокуроры Ж.К. Асанов, Қазақстанның және шет мемлекеттердің заң саласының ғалымдары, ғылыми-зерттеу  институттарының   мамандары, «Нұр Отан» саяси   партиясының және қоғамдық  бірлестіктердің  өкілдері қатысып, Сұлтан Сартаевты 90 жылдығымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Жиын барысында Сұлтан Сартаевтың атына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау хат оқылды. 

«Халқымыз өзіңізді Қазақстан заң ғылымының көрнекті өкілі, ұлағатты ұстаз және белгілі қоғам қайраткері ретінде қадірлейді. Сіз однаған жылдар бойы жоғары оқу орындарында сабақ беріп, басшылық жасап, болашақ заңгерлер мен осы салаға арнап ғылыми кадрлар тәрбиеледіңіз. Өзіңіздің кемел біліміңіз бен мол тәжірбиеңіздің және зор абырой-беделіңіздің арқасында еліміздің Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық жүйесін қалыптастыру мен дамыту ісіне сүбелі үлесіңізді қостыңыз. Сіздің өнегелі еңбек жолыңыз бен ел игілігіне арнап атқарған істеріңіз өсіп келе жатқан ұрпақтар үшін әрдайым жақсы үлгі болып қала береді деп ойлаймын. Мықты денсаулық, баянды бақыт, әулетіңізге амандық пен құт-береке тілеймін» , – делінген құттықтау хатта.

Конференция барысында Сұлтан Сартаевтың еңбектеріндегі КСРО-ның ыдырау үрдісіне берген саяси-құқықтық бағасын талдап, егеменді және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына негіз болған еңбектерінің ғылыми маңызды тұстарын атап өтті. Сұлтан Сартаевтың еңбектері студент жастардың патриоттық және өнегелік санасы мен тәрбиесінің қалыптасуына  да үлкен әсері бар. Сондай-ақ шара барысында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құрылыстың және құқықтық жүйенің дамуын, оны жетілдірудің негізгі жолдарын және конституциялық заңнама жүйесін дамытудың негізгі мәселелері де кеңінен талқыға салынды. 

Баспасөз қызметі