Жаңалықтар

Тәжірибе алмасу – кәсіби қажеттілік

13.10.2017

Шығыстану факультетінде «Қытайдың жоғары оқу орындарында гуманитарлық пәндерді оқыту және ғылыми-зерттеу методологиясы» атты ғылыми-әдістемелік семинар болып өтті.  

Қытайдан шақырылған Ляонин университетінің профессоры Цюй Вэньи аталмыш тақырыпта баяндама жасап, өзінің жылдар бойы жинаған оқытушылық тәжірибесімен бөлісті. Баяндама шеңберінде ол гуманитарлық пәндерді оқытудың заманауи әдістері, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үдерісі, оқытушыларға қойылатын талаптар және басқа да маңызды мәселелерге тоқталып, факультетте бір ай көлемінде дәріс оқыды. Сондай-ақ ол қазақстандық студенттердің кез-келген мәселеге қатысты ой-пікірлерін еркін айта отырып, өз ұстанымдарын батыл түрде жеткізе білетінін ризашылықпен атап өтті.

Семинарға қатысқан оқытушылар Қытайдағы үш деңгейлік білім беру жүйесінің ерекшеліктері, бакалаврлар мен магистранттарға ғылыми жетекшілік жасау, оқытушылардың жоғары деңгейлі шетелдік журналдарда мақала жариялауы және басқа көптеген мәселелерді талқыға салды.

Жоғары білікті мамандар дайындау – ҚазҰУ-дың қытайтану кафедрасының алға қойған басты мақсаты. Оқу үдерісті оқытудың заманауи әдістерін қолдану, ғылыми-зерттеу жұмысының сапасын арттырумен қатар шетелдік, дәлірек айтсақ, қытайлық әріптестермен тәжірибе алмасу ісі сонау жылдардан бері қолға алынған. Осы мақсатта дәстүрге айналған ғылыми семинар жұмысы оқытушылардың кәсіби деңгейін көтеруге, оқыту үдерісінде шетелдік тәжірибені тиімді пайдалана білуге, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытуға зор ықпалын тигізеді. 

Қытайтану кафедрасының доценті М.А. Омарова