Жаңалықтар

Әліпбидің бірегей форматына көшу

16.10.2017

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде әліпбидің бірегей форматына көшу жайы талқыланды. Дөңгелек үстелге филологтар мен лингвист ғалымдар, қоғам өкілдері, университет белсенділері, оқытушылар мен студенттер қатысып, тақырып төңірегінде пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Шараның негізгі тақырыбы Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар. Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында ұсынған рухани жаңғыру үдерісінің маңызды бөлігі ретінде қазақ тілін жаңғырту болып табылады. Сондай-ақ шарада латын тілін кезең-кезеңмен енгізу үшін методикалық базаны қамтамасыз етуде және қажетті кадрлар дайындау үрдісіндегі университеттердің рөлі талқыланды. 

Алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының кандидаты Съезд Ақымбек жаңа әліпбиге көшуді іске асырудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Баяндамасында ол «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына бірден-бір мүмкіндік. Ғаламда 12 мемлекет кириллица жазуын пайдаланса, қалған көпшілігі латын әліпбиін пайдаланады. Демек, бұл бізді күллі әлем тануына жол ашса, екіншіден, әр елдің түкпір-түкпіріндегі қандастарымызбен байланысымыз арта түспек», - деп пікір білдірді. С.Ақымбектің сөзінше, шеттегі бауырларымыздың ғана емес, бір жүйе қалыптастыра отырып біз түбі бір түркі халықтарының басын біріктіреміз. Өз ретінде олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтудің маңызы зор.

Сөйлеген сөзінде Бостандық ауданы бойынша Ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекжан Сәрсенбай «Бұл бастама саналы түрде жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылған жоба, еліміздің болашағы үшін жасалған тың қадам», - деп атап өтті. Латын әліпбиіне көшу өркениетті елдердің қатарына қосылып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуде, сонымен қатар қазақ тілінің мәртебесін көтеруде рөлінің басымдығын алға тартады ол. Аталмыш әліпбидің қазақ тілін компьютер мен ғаламторға бейімдеуде, жалпы халықаралық ақпарат кеңістігіне шығаруда да көмегі мол. Осы орайда мамандар «Абай жолы» романын үш секундта латын қарпіне түсіруді ойластырғандығын атап өткеніміз жөн. 

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тіл тазалығы мәселесін де алға қойды. «Латын әліпбиі тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауда пайдасы зор. Қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаруы уақыт пен қаржыны үнемдей түседі», -дейді журналистика факультетінің бірқатар студенттері. Онымен қоса қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталуында артық кірме сөздерден арылтуға ықпалын тигізсе керек.

Латын әліпбиіне көшу жүйесін жазуды реформалау деп түсіну қажет. Сонда ғана тіл жаңғырады, жаңарады. Ал тілдің жаңаруы рухани жаңғыруға алып келеді.

 

Баспасөз қызметі