Жаңалықтар

Каннам Северанс өкілдері ҚазҰУ-да

18.10.2017

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаевтың Каннам Северанс клиникасының бас директоры Кён Су Кимммен кездесуі болып өтті.

Келелі жиынды ашқан М.Бүркітбаев Қазақстан мен Корея ынтымақтастығын сөз етіп, еліміздің жетекші оқу орны ретінде ҚазҰУ рөліне тоқталды. «Корея Республикасы Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Бүгінде университет Кореяның 48 оқу орнымен байланыс орнатып отыр. ҚазҰУ мен корей университеттері арасындағы әріптестік Қазақстанда әлемдік жоғары стандарттарға негізделген медицина қызметкерлерін дайындауда»,- деді бірінші проректор. Оның айтуынша, корейтану кафедрасы университеттегі ең үлкен кафедралардың бірі. «Кореялық ғалымдар денсаулық сақтау саласында дәрістер оқып, шеберлік сыныптарын жиі өткізіп тұрады. Жыл сайын корей елі тарапынан кафедра студенттеріне стипендия тағайындалып, білім гранттары бөлініп отырады», -деді М.Бүркітбаев.
Атап өту керек, ҚазҰУ-дың диагностикалық орталығы үшін медициналық мамандар даярлау бағдарламасына «Ёнсэ» университеті бірден-бір атсалысқан. Қазіргі таңда орталықта студенттер мен ҚазҰУ қызметкерлері тегін ем алса, қала тұрғындарының заманауи технологиялармен қолжетімді бағада тексерілуіне мүмкіндік бар. Кён Су Кимнің айтуынша, бірінші кезекте аз қамтылған, жағдайы төмен жандарға көмек қолын созу қажет. Бұл туралы ол шара барысында тілге тиек етті.

Өз ретінде Кореялық әріптестер білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер секторындағы ынтымақтастық мүкіндіктерін кеңейтуге ниетті.

Делегация өкілдері сондай-ақ кездесуде университетке қашанда қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Баспасөз қызметі