Жаңалықтар

Стратегиялық әріптестік

01.11.2017

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың Францияның Қазақстан Республикасындағы төтенше әрі өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесуі болып өтті. Шара барысында Ғ. Мұтанов Францияның жетекші оқу орындары мен ҚазҰУ арасындағы әріптестік, ынтымақтастық байланыстарға тоқталды. ҚазҰУ ректорының айтуынша, бүгінде оқу орны Францияның озық университеттерімен жемісті әрі табысты қызмет етіп келеді. Олар Орлеан, Гавра университеттері және Робер Шуман атындағы Страсбург, Лотарингия университеті.  ҚазҰУ аталмыш университеттермен бірге жоғары білікті маман даярлау және инновациялық ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру үшін күш біріктіріп отыр. Сондай-ақ, айтулы университеттермен қос дипломды білім беру бағдарламасы іске асқандығы мәлім. Қазіргі таңда ҚазҰУ мен Сорбонна Париж-Ситэ 7 Дидро университеті арасында стратегиялық серіктестік келісімшартына қол қойылған. Сөйлеген сөзінде ректор бұл әріптестік Франция мен Қазақстан мүддесі үшін қажетті мамандарды даярлау мәселесінде көптеген сауалдарды бірлесе отырып шешуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Осы тұста Гео-энергетика ғылыми білім беру орталығымен қосдипломды мамандар даярланып жатқандығын атап өту қажет. Ғ .Мұтанов «Біздің геоэнергетика орталығымен ортақ жобаларымыз бар. Ғылыми салада бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Университет үшін бұл жақсы бастама деп білеміз»,-деді. Кездесу барысында тараптар геоэнергетика орталығымен ынтымақтастықты нығайту жайын алға тартты. Филипп Мартинэ «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды Қазақстанның ең үздік университеті ретінде танимыз. Сіздердің QS рейтингіндегі жоғары көрсеткіштеріңіз белгілі. Біз Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға атсалысамыз» деп ізгі ниетін жеткізді. Ол сөйлеген сөзінде мұның саяси мәселе екендігін атап өтіп, оқытушылар алмасу бағдарламасы жайлы сөз қозғады. Ф. Мартинэнің пікірінше, оқытушылар алмасуы арқылы студенттер алмасуы бағдарламасымен білім алушылар арта түссе керек. Өз ретінде бұл жоба екі ел бір-бірінің тілін үйреніп, мәдениетімен танысуына үлкен мүмкіндік. Бұл бағытта ҚазҰУ ректоры жазғы және қысқы мектептер ұймыдастыру керектігін ұсынды. Сонымен бірге білім беру кеңістігінде француз тілін күшейтуге басымдық берілді.

 

Баспасөз қызметі