Жаңалықтар

Тұрақты даму концепциясы – адамзат дамуының болашағы

02.11.2017

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрақты даму мақсатындағы коммуникация және медиа» атты III Халықаралық РR Күзгі мектебі өтті.

Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараға АҚШ, Қырғызстан, Ауғанстан елдерінің бұқаралық коммуникация зерттеушілері, БАҚ өкілдері, PR мамандары қатысты. Шара аясында шетелдік және қазақстандық журналистер, танымал PR мамандарының шеберлік сыныптары өткізілді. Атап айтқанда, БҰҰ-ның Қазақстандағы Қоғамдық ақпарат департаментінің басшысы Властемил Самек, ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов, Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов, сондай-ақ, Халықаралық «Medianet» журналистика орта­лы­ғы­ның, бір қатар банктер мен компанилардың PR-менеджерлері дәріс оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Тренингтер сандық жүйені сауатты қолдану, ақпаратты реттеу және БАҚ заңнамасы, жаңа медиа, азаматтық журналистиканың пікір қалыптастырудағы рөлі, ақпараттық сайттарға контент дайындау тәсілдері т.б. тақырыптарды қамтыды.

Алғаш болып сөз алған БҰҰ-ның Қазақстандағы Қоғамдық ақпарат департаментінің басшысы В. Самек коммуникация өнеріне, коммуникациялық құзіреттілік пен техникаларға, ақпаратты дұрыс түсіну, дұрыс бере білу маңыздылығына баса назар аударды. Қатысушылардың мектепте алған білімдерін практикада сапалы қолдана алатындықтарына сенім білдірді. Тұрақты даму мақсаттарын көздеп, жаһандық бастамаға қосылудағы ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының бастамаларына тілектестігін білдірді.

ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы С. Карпов мектептің негізгі мақсаты тұрақты даму мақсатындағы тиімді коммуникацияға негізделгендігін атап өтті: «Тұрақты даму коммуникация ретінде «сананы жаңғыртудағы» ұлттық стратегиялар және бағдарламалармен қатар тұрады. Бұл мектеп журналистерді оқытудың модельдерін таңдауға, тұрақты даму мақсатындағы коммуникацияның орнын анықтауға көмектеседі. Тұрақты дамудың он алтыншы мақсаты – заңды құрметтеуге және тиімді мемлекеттік институттарды дамытуға негізделген бейбіт қоғам орнату коммуникациясыз әрі журналистерді қорғаусыз мүмкін емес. Өз кезегінде он алтыншы мақсат оқу модельдері арқылы журналистердің сапалы білімін көздейтін төртінші мақсатпен тығыз байланысты».

ЮНЕСКО 2008 жылы базалық журналистиканың он жеті модулін ұсынған еді. 2010 жылы Алматыдағы ЮНЕСКО Бюросы аталған бағдарламаны әдебиеттермен, оқу тапсырмаларымен толықтырып, орыс тіліне аударса, 2014 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЕҚЫҰ қолдауымен қазақ тіліне аударды. С. Карпов үстіміздегі жылы Парижде шыққан жаңа оқу бағдарламасының орыс тіліне аударылып, оқу материалдарымен толықтырылғанын жеткізді. Маманның айтуынша, жаңа бағдарламаға ақпарат құралдарының тұрақтылығы, мәдениетаралық диалог, жаһандық коммуникациялар, гуманитарлық дағдарыс, адамдар саудасы, ғылым т.б. модульдер кірген. Сөз соңында С. Карпов өзге елдерден, өңірлерден, жоғары оқу орындарынан келген қатысушыларға сәттілік тілеп, халықаралық ұйымдармен тиімді жұмыс атқарып отырған Күзгі мектеп ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.

Ауғанстаннан Күзгі мектепке арнайы келген журналистер мен студенттер аталмыш шараға қатысқандарына аса қуанышты екендігін жасырмады. Ауғанстандағы кедейлік деңгейін төмендетуде журналистика маңызды рөл атқаратындығын ерекше айтты.

Күзгі мектеп аясындағы практикалық кейстер қатысушыларға өте пайдалы болды. Заманауи жоғары технологиялар мен коммуникация арналарын тиімді қолдану, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған міндеттерді бұқараға жеткізу, түсіндіру, насихаттау ісін БАҚ арқылы ақпараттық қолдау және PR-жылжыту бойынша қызықты дәрістер екі күнге созылды. Осы орайда аталмыш шараның Қазақстанның рухани жаңғыру үрдісін БАҚ және бұқаралық коммуникациялық арналар арқылы бұқаралық аудиторияға кеңінен түсіндіру, жариялау, талқылау ісіне бағыт-бағдар беру; сапалы әрі объективті ақпарат таратуда, жаңартылған идеология негізінде қоғамдық пікір қалыптастыруда, онлайн-платформаға көшуде журналистік қауымдастықтың күшін жұмылдыру; Қазақстан журналистеріне арнап қоғамдық сананы жаңғыртудың прогрессивті және сындарлы идеяларын алға жылжытуға жәрдем ету мақсат-міндеттерін айқындауға үлес қосқандығын айту қажет.  

Жас мамандар мен студенттер кәсіби PR мамандары мен медиа өкілдерінің тренингіне қатысумен қатар, кәсіби қауымдастықтың ресурстарын қолдану, кәсіби өсу мүмкіндіктеріне ие болды.

Үстіміздегі жылдың 2-4 маусым аралығында ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының қолдауымен өткізілген «Медиа және PR-коммуникациялар: тұрақты даму стратегиясы» атты ІІ Халықаралық Жазғы мектебіне Қырғызстан, Астана, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Түркістан, Тараз, Қостанай өңірлерінен жас журналистер мен PR-мамандары, ЖОО оқытушылары қатысқан еді. Оқытудың жаңа әдістері мен инновациялық коммуникациялық құралдарды қолданып, әртүрлі аудиторияға тұрақты өткізіліп келе жатқан, оқиғаны алдын ала болжап, кез келген жағдайда мойнына жауапкершілік жүктеуден қорықпайтын мамандар даярлауға үлес қосатын Жазғы, Күзгі, Қысқы мектептер болашақта жалғасын табары даусыз.

   ЮНЕСКО,

халықаралық журналистика және

қоғамдық медиа кафедрасы