Жаңалықтар

«Қабдолов оқулары»

12.12.2017

Ақбас таудың етегіндегі мәңгі жас көркем қалашық – ҚазҰУ-да тағы да той. Мұнда желтоқсанның 11 күні Мұхтар Әуезовтей дананың, парасатты шәкірті Зейнолла Қабдоловтың туғанына 90 жылдық мерейтойына орай салтанатты шаралар легі өтті.

Ұстаз З.Қабдолов 50 жыл бойы татаусыз шешендікпен даналық дәрістерін өткізген киелі аудитория қайта жаңартудан өткізілді. Осынау абыройлы міндетті ғалымның арлы ұрпақтары, балалары мен немерелері, мүлтіксіз атқарып, аудиторияға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи құрылғылармен жабдықтаса, ұстаз атын пір тұтқан адал шәкірттері З.Қабдоловтың бар болмысын ашып көрсететіндей етіп, жарқыраған жаңа стендттермен аудиторияның қабырғаларын безендірді.    

Студенттерге осы игілікті пайдаланып, білім нәрін бойына жисын деп аудиторияны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.М.Мұтанов пен мемлекет қайтаркері М.Жолдасбеков ашып берді. Түрлі тәттілермен шашу шашылды, асыл сөзбен ән де шашылды.

Мұнан кейін филология және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен 1997 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Қабдолов оқуларының» оныншы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Пленарлық мәжіліске қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, әрі Зейнолла Қабдоловтың ең жақын досы – Ә. Нүрпейісов, мемлекет қайраткері М. Жолдасбеков, Қазақстан жазушылар Одағы басқармасының төрағасы – Н. Оразалин, жазушы С. Елубай, Әдебиет және өнер институтының директоры У.Қалижан секілді ел азаматтары қатысып, сөз сөйледі.

Тоқсанның сеңгіріне шыққан Ә. Нүрпейісов жиынға келіп, досы туралы жүрек жарды сөз арнап сөйлеуі, хат алып келіп көрсетуі – достыққа адалдықтың жарқыраған үлгісі болды. Қабдолов аурухана төсегінде жатып, жары Сәулеге арналған хатын Әбдіжәміл атаға берген екен. Жазушы хатты әкеліп көпшілікке көрсетті. Біле білген адамға бұл хатта соңғы демін алып жатқан, ажал алдындағы адамның риясыз шындығы жазылған. «Біріншіден, жан Сәулем, саған өмір бойы ғашық болыппын. Бұл ғажап, бұл тым сирек болатын сыр. Тұңғыш танысқанымызға отыз жыл, ерлі-зайыпты болып бірге тұрғанымызға – жиырма бес жыл, ал менің саған деген махаббатым сол баяғы ақ арай таң қалпында, тап-таза уыз күйінде қалған. Екіншіден, мен адамдарды жақсы көріппін. Күйінгенімнен сүйінгенім көп болыпты. Бұл – өмірге құштарлық. Адам атаулыдан тек адамдық қасиет іздеппін. Көбіне соны тауып жүріппін. Тапқанымды әрқашан сол адамдардың өздеріне қайтып бергім келген. «Ей, адам, сенде мынадай қасиет бар, сол үшін мен сені жақсы көремін» дегенді бар дауыспен ашық айтыппын. Ол біреулерге ерсі көрінген: «Көзге мақтайды» десіпті. Бірақ бұл күңкіл мені өзгерте алмаған. Мен адамдарды жақсы көрген үстіне жақсы көре түсіппін. Жақсы көрген соң қайтейін, жуып кетсем, адамдардың мерейін өсіргім келген де тұрған. Оны біреу түсінген, біреу түсінбеген. Мейілі маған бәрібір, мен адамдарды бәрібір жақсы көре бергенмін» - делінген хатта. Расымен, осы үзіндіден ұстаздың адами болмысы танылады, адамзаттың барлығын шынайы көңілмен бауырым деп сүйген есіл жүрегінің нала-мұңы көрінеді. Студенттер осындай тағылымды баяндамаларды тыңдап, З.Қабдоловтың қайраткерлік, жазушылық, ұстаздың һәм ғалымдық қасиеттерімен жақынырақ танысты.

Бұл елімізде З.Қабдолов деген ұлы қазақтың рухына арналып өткізіліп жатқан шаралардың басы ғана. Салтанатты шара кешкілік М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында және ертесі күні ғалымның туып-өскен Атырау жерінде жалғасын тапты. ҚазҰУ – әрқашан ұлт руханиятының көшбасшысы екендігі кәміл.

 

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы