Жаңалықтар

Ким Дэ Сик дәріс оқыды

13.12.2017

Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэ Сик ҚазҰУ басшылығымен кездесіп, студенттерге дәріс оқыды.

Келелі жиынды ашқан Мұхамбетқали Бүркітбаев: «Корея Республикасы Қазақстанның стратегиялық әріптесі және оның даму қарқыны тереңдеу деңгейіне көтерілді. Бүгінде университет Кореяның көптеген ЖОО тығыз байланыс орнатып, ҚазҰУ мен корей университеттері арасындағы ынтымақтастық саласы артуда», - деді бірінші проректор.

Атап айту керек Корея бүгінгі таңда тек экономикасы, технологиясы қарыштап дамыған елдер қатарында ғана емес, медицина саласының даму деңгейі бойынша әлемдегі алдыңғы қатардағы мемлекет. Осы тұрғыда ҚазҰУ-дың диагностикалық орталығы үшін медициналық мамандар даярлау бағдарламасына Корея Республикасының «Ёнсэ» университеті тікелей септігін тигізген болатын.

Кездесу барысында Төтенше және Өкілетті Елші Ким Дэ Сик студенттерге Корея тарихынан сыр шертетін мәнді де мағыналы дәріс оқып, Кореяның бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері жайлы айтты. Оның айтуынша, «Қандай да бір мемлекеттің дамуы үшін тұтақтылық маңызды рөлге ие. Сондықтан да тұрақтылық жоқ жерде ешқандай да алға жылжу болмайды»,- дейді. Ол өз дәрісінде жастарға сонау ширек сұрапыл соғыс жылдарында талай сынақтан өткен Корея мен бүгінгі Корея келбетін анық ашық көрсетіп берді. Сондай-ақ елші корей елінің бүгінгі экономикасы, ондағы негізігі факторлар, елдің әлеуметтік-саяси жағдайы, Солтүстік пен Оңтүстік Корея арасындағы шиеленіс және екіге бөлінген бір мемлекеттің болашағы жайлы айтып, студенттер сұрақтарына жауап берді.

Шара соңында Төтенше және Өкілетті Елші Ким Дэ Сик ҚазҰУ-дың құрметті профессоры атанып, елшіге сый-сыяпат табысталды.

Баспасөз қызметі