Жаңалықтар

Қамауда отырғандар жоғары білім алатын болады

20.12.2017

ҚазҰУ-да сотталғандарға мамандық беру, жұмысқа орналасу мәселесі бойынша білім беру қажеттігі жайлы жиын болып өтті.

Жиынға ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері, ішкі істер қызметкерлері және заң факультетінің ұстаздары мен ғалымдары қатысты.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес енді сотталғандар қамауда отырып жоғары білім мен диплом алатын болды. «Сотталғандарды әлеуметті ортаға қайта бейімдеу – көкейтесті мәселелердің бірі, оның шешімі тек құқық қорғау органдары емес, нақты мемлекет және азаматтық қоғам институттарына тәуелді. Бұл мәселе әсіресе Білім және ғылым министрлігі мен жоғары оқу орындарымен тығыз байланысты.

Шетелдік тәжірибені пайдалана отырып, Қазақстан сотталғандарды әлеуметтік бейімдеудің жеке процесін әзірледі. Онда еңбек нарығындағы талаптар, бәсекеге қабілеттілік, құзыреттілік, қойылған міндеттерді шеше білу мәселесіне мән берілген.

«Сотталғандарды әлеуметтік ортаға қайта бейімдеу бағытында ҮЕҰ және қоғамдық бірлестіктермен 292 меморандум жасалды, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жалпы сомасы 55 млн теңгеге 15 шарт жасалды», – дейді ҚР ІІМ баспасөз қызметіндегілер.

Сондай-ақ ІІМ баспасөз қызметі сотталғандардың білім алуы жөніндегі пилоттық жоба Алматы және Павлодар облыстарында жүзеге асырылғалы отырғанын жеткізді. «Жобада білім берудің тек дәстүрлі жүйесі ғана емес, жаңа технологиялар пайдаланылатын болады. Яғни, жоспар бойынша сотталғандарға жоғары оқу орындарында қашықтықтан білім алуға мүмкіндік берілмек. Сотталғандар интернет және кейс-технологиялар арқылы қашықтықтан білім алмақ».

Жобаны әзірлеуге мемлекеттік органдардың өкілдері, ұлттық және Орталық Азиядағы Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) өкілдік атынан шетелдік сарапшылар, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мамандары тартылған. Пилоттық жоба Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА-155/8 және Павлодар қаласында орналасқан АП-162/3 мекемелерінде жүзеге асырыла бастайды. ІІМ баспасөз қызметі жоба жұмысы 2018 жылдың 1-ші тоқсанда басталатанын жеткізді.