Жаңалықтар

УНИВЕРСИТЕТ 4.0 - ЖОҒАРЫ БІЛІМДЕГІ ЖАҢА ДӘУІР

27.12.2017

УНИВЕРСИТЕТ 4.0 - ЖОҒАРЫ БІЛІМДЕГІ ЖАҢА ДӘУІР

Мәскеуде (Ресей) «XXII ғылыми оқулар: білім беруді реформалау: ол қандай болу керек?» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және салтанатты жиын болып өтті. Бұл шара Жоғары мектеп ғылымдары халықаралық академиясының (ЖМ ХҒА) құрылуының 25-жылдығына арналды. Жиынға Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылыми академиясының (ҚЖМ ҰҒА) ғалымдары қатысып баяндама жасады.

ҚЖМ ҰҒА президенті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалым Мұтановтың университет 4.0 атты жоғары оқу орындарының даму үлгісін танытқан баяндамасы қатысушылардың ерекше қызығушылығы мен жағымды пікірлерін тудырды. Жастарға бейбітшілік, ізгілік пен әділдік және белсенді азаматтық ұстаным туралы идеяларын жеткізуге бағытталған жаңа заман университетінің миссиясы жөніндегі Ғ. Мұтановтың тұжырымдамасында рефрен ретінде алға тартылған ойлары риясыз қызығушылықпен қабылданды.

Жаһандану және жаңа технологиялардың жылдам дамуы жағдайында университеттің жаңа моделін құру үлкен маңызға ие. Жоғары оқу орындарының басты міндеті жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау ғана емес, сондай-ақ жастарды мемлекет пен бүкіл әлем азаматтары ретінде рухани тұрғыдан қалыптастыру болып табылады. Осы тұрғыда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы модернизациялау» атты бағдарламалық мақаласы негізгі камертон рөлін атқарады.

ҚазҰУ ректоры өз баяндамасында «Техникалық прогресс моральдық процестен басым болса, мен оны еш мойындамаймын...» - деген белгілі ғалым-сынақшы К.Э. Циолковскийдің дәйексөзін келтірді. - «Егер де әрбір жоғары оқу орны өзінің басты миссиясын сезіне отырып «ақылды университ» пен қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістердің прогрессивті локомотивіне айналар болса, онда әлемді барынша мәйірімділікке жеткізу міндеті орындалатынына сенімдімін» - деп атап өтті.

Есімімен бүгінде ҚазҰУ аталып отырған шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби тәрбие мен адамгершілікке негізделмеген білім қандай да бір пайда әкелудің орнына, зиян келтіруі мүмкін деп айтқан. Ректордың айтуынша, бұл ақиқатты мойындау университет дамуының жаңа үлгісін жасауға басты түрткі болған.  

ЖМ ХҒА президенті, ірі ғалым, жоғары мектептің тұжырымдаушысы В.Е. Шукшуновтың пікірінше, Ғалым Мұтановтың баяндамасы «заманауи әлемдегі жоғары білімнің дамуын айқындайтын философиялық және тәжірибелік бағыттағы аса көрнекті оқиғаға» айналды. 

Ғалымдар бірауыздан жоғары оқу орындарына ұлттың білімін, зияткерлік, мәдени және рухани әлеуетін көтеру, жаңа рухани құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеу сынды жоғары әлеуметтік маңызы бар миссияны орындау міндеті жүктеліп отырғандығы туралы ойымен бөлісті.