Жаңалықтар

Мұрат Әуезовтың өнегеге толы өмірі

22.02.2018

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де белгілі қоғам қайраткері, жазушы, публицист, филология ғылымдарының докторы, ҚР журналистика академиясының академигі Мұрат Әуезовке арналған «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталмыш кітапта өмірбаяндық мәліметтер, таңдаулы туындылар, замандастары мен әріптестерінің естеліктері, сонымен қатар мұрағаттық деректер мен әртүрлі жылдардағы суреттер көрініс тапқан. Салтанатты жиынға филология ғылымының докторы, профессор, Айгүл Ісмақова, әдебиеттанушы Светлана Викторовна, филология ғылымдарының докторы Альмира Наурызбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай, тарихшы Әміржан Әлпейісов қатысты. Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысып, министр Қайрат Әбдірахмановтың Мұрат Әуезовтың 75 жылдығына орай арнайы құттықтау хатын оқып берді.

Жиында алғашқы болып сөз бастаған ҚазҰУ ректоры «Елі мен жері үшін талмай еңбек еткен адамдардың өмірі мен қызмет жолын насихаттап, жастарға үлгі ететін университетіміздің дара басылымы «Өнегелі өмір» сериясының жаңа шығарылымы ұлттық әдебиетіміздің, мәдениетіміздің көрнекті өкілі Мұрат Әуезовке араналып отыр. Мұрат  Мұхтарұлы жастайынан өзінің елі мен жеріне деген асқан сүйіспеншілігін көрсетіп келе жатқан ұлтымыздың мақтанышы. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің  шығыс тілдері институтында қытай тілін меңгеріп жүрген студенттік шағынан бастап, қазақстандық жерлестерімен бірге Мәскеуде ұлттық сана мен ата-бабамыздың тарихын насихаттап, «Алаш-Орда» идеясын зерделеп дүйім жұртқа тарату мақсатында «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысын ұйымдастырған. Сонымен қатар 1989 жылы құрылған «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының бастауында да тұрған азаматтардың бірі әрі бірегейі де,  өмірі өнегеге толы ұлтымыздың мақтанышы Мұрат Мұхтарұлы болатын»,- деді Ғалым Мұтанов. 

Салтанатты шарада сөз алған Мұрат Әуезов «Маған сіздің туындыларыңызды, естеліктеріңізді жинақтап «Өнегелі өмір» сериясымен кітап қылып жарыққа шығарайық деп ұсынғанда, шыны керек өте қатты қуандым. Сондықтан осы бір кітаптың шығуына себепші болған Ғалым Мұтанұлына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Біздің жастайымыздан бойымызда ұлтқа деген құрмет әрқашан да басым болатын, осында көптеген жастар жиналып отыр, еліміздің ертеңі сіздер, демек келешек ұлттың жанашыры да сіздер, сондықтан да тек алға қарай талпыныңдар»,- деп жиналған көпшілік қауымға өз ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Мұрат Мұхтарұлын Әл-Фараби «Үлкен алтын медальімен» марапаттады. Әрдайымда еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан дара да дана тұлға Мұрат Әуезовтың осындай өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болып, елі мен жеріне жасаған шексіз еңбегі, жазған туындылары қазақ деген дархан халықтың жадында жатталып, тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалары ақиқат.

Айта кету керек, көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы университеттік «Өнегелі өмір» кітабы, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың бастамасымен тұрақты түрде баcпадан шығарылып тұратын кітаптар сериясы болып табылады.

 

                           

Баспасөз қызметі