Жаңалықтар

«Айналаңды нұрландыр!»

29.05.2018

Бұл күндері әсем Алатаудың етегіне орналасқан «қайырымды қаланың» – талай ақын жыр арнаған, талай әнге арқау болған, «ҚазҰУ-дың қалашығын – көзінің қарашығына» теңеген университет қалашығының – мамырдың соңғы күндері кезекті оқу жылының аяқталар сәтіне таянып, түлектері қимай қоштасып, қойнауы дүбірге толып, табиғаты таңғажайып түрге еніп, тотыдайын таранып тұрған шағы.

29 мамыр күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі әл-Фараби кітапханасында жылдағы дәстүр бойынша «Айналаңды нұрландыр!» атты жалпыуниверситеттік іс-шарасын қорытындылауға арналған жиын өтті. Озық идея, өміршең бастама ретінде зор қолдауға ие болған әлеуметтік-инновациялық «Айналаңды нұрландыр!» жобасының 7-жылдығына арналған салтанатты кешке университеттің ұстаздар қауымы және студент жастар қатысты. Аталмыш жобаға

студенттермен қатар, кураторлар, оқытушылар, кафедралар, қоғамдық ұйымдар және университеттің серіктестері де белсене қатысып, қолынан келер көмегін, аялы алақанының жылуын аямайтынына сан мәрте көз жеткізді. «Адамнан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» - деген қағиданы өміріне ұстаным еткен жоба белсенділерінің жақсылыққа, қайырымдылыққа  негізделген  мұраты, ықылас, мейірім күтіп жүрген жандарға көмек қолын созуға талпынуы, оған өз үлесімді қоссам дейтін ұмтылысы, ниеті әбден құптарлық, қуантарлық жайт. «ҚазҰУ қалашығы» қайырымды тұрғындарының талай іс-шараға мұрындық болып, қоғамды ізгілендіруге титтей де болса үлес қосып жүргенін көріп қуанамыз. Университет ректоры Ғалым Мұтановтың сөзіне жазылған әнмен шымылдығын түрген кездесу жүректерге жылылық ұялатып, жаймашуақ көңіл сыйлаумен қатар, еркін пікір алмасу орайында өтуі де кештің көркін қыздыра түсті. 

Жалпы адами құндылықтар мен адамгершілікке үндейтін, отаншылдық сезім мен қайырымдылық биігіне жетелейтін рухани-танымдық жобаның университет өмірінде қаншалықты қолдау тауып, жарқын да нұрлы өмірге жөн сілтеп, жол көрсетіп келе жатқанын, университет ұжымы тарапынан шынайы қолдау тауып, кең қанат жайғанын жүргізушілер жан-жақты қамтып, айта білді, қатысушылар да шара барысында тағы да көз жеткізе түсті. 

Кеш тізгінін қолға алған Ақан Марғұлан: «Smart University» студенттер қауымдастығының басты мақсаты – бір-бірін өмірдің барлық жағдайларында қолдау арқылы нағыз бақытқа қол жеткізу. Үздік университеттің парасатты, студенттерінің терең білімі, дамыған ой-өрісі, мәдениеттілігі, көшбасшылық қасиеттері, үйлесімді тіл табысуы «Smart University» студенттер қауымдастығының басты ұраны деп санауға болады» - дей келе, жобаның мән-маңызын қаншалықты түйсінгенін байқау мақсатында елін сүйген, ертеңіне сенген жастарға қарата қойылған салмақты сауалдарына алынған тұщымды жауаптарды естіп, жиналғандар риза болысты. Аудиториямен тығыз, шынайы қарым-қатынас орнаған соң жастар елінің ертеңі үшін, болашағының баянды болуы үшін нақты қосар үлесін айтып, оған жету жолындағы ұсыныстарымен бөлісуі де жүрек лүпілін сездіріп, көңілге сенім ұялатты.

«Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының директоры Сайран Баяндина қайырымды қаланың қайырымды тұрғындарына барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етіп, қалашық тұрғындары үшін, жастардың жан-жақты дамуы үшін алдағы уақытта атқарылар жоспарларымен бөлісті.

Жастар ұйымдары комитетінің төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыров тұрғындардың адами, адамгершілік міндеттерін жауапкершілікпен атқарумен қатар, оларға жайлы орта, жағдай қалыптастыру керек екенін, ол үшін сыйластық, достық, мейірбандық қарым-қатынас секілді қағидаттарға иек арту қажет екенін санамалап, парасатты студенттер ортасын орнықтыруға әрбір студенттің үлес қосуы тиіс екеніне тоқталды.

Салтанатты іс-шара барысында филология және әлем тілдері факультеті шет тілдер кафедрасының меңгерушісі Айжан Молдағалиеваның басшылығымен «Айналаңды нұрландыр!» жобасы аясында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, сертификат, сый-сияпат тапсырылды. Студенттер эсседен үзінді оқыды. Қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтып, өз шығармашылықтарымен бөлісуді де ұмытпады. Бірігіп ән салды, қосылып биледі. Шабыттанған студенттердің шат-шадыман көңілін көтеріп қана қоймай, көкейдегі сауалдарына да жауап беріп үлгерген, «Айналаңды нұрландыр!» секілді бірегей жобаның бастамашысы, университет ректоры Ғалым Мұтанұлының адамзат баласын рухани тәрбиеге, сүйіспеншілікке, адамгершілікке тәрбиелейтін жоба-идеяның өміршеңдігіне тоқталды.

-         Бақытты болу үшін өзіңді үнемі жетілдіріп отыру керек. Өмірді нұрлы етуге, өмірімізді жақсартуға әрқашан талап қылуымыз керек. Кез келген жан өмірге қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстауы керек. Көреалмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиеттер емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойына сіңіру, қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау арқылы, тәрбиеге ден қою арқылы халық өмірінің сапасына арттырамыз... Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының негізгі діттегені де осы.

Салтанатты кеш соңында университет ректоры Ғалым Мұтанұлының сөзіне жазылған «Айналаңды нұрландыр!» деген әдемі ән шырқалып, рухани-танымдық жобаның жетінші қорытынды кеші өз мәресіне жетті.

 

Филология және әлем тілдері факультеті