Жаңалықтар

Оксфорд жақындай түсті

31.07.2018

Жаңа оқу жылында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Оксфорд университеті (Ұлыбритания) арасында ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық кеңейтілетін болады.    

Бұл туралы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың Оксфорд университетіне жұмыс сапары барысында келісімге келді. Ғалымдар, оқытушылар және әкімшілік өкілдермен кездесу барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қызығушылық танытып, білім беру ісіндегі серіктестіктің басым бағыттарын және бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруды талқылады. Жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында ҚазҰУ-дың ең үздік магистранттары мен докторанттары «Ғылымға кіріспе» бірлескен білім беру бағдарламасы аясында Оксфордқа оқуға жіберілетін болады.

Сонымен қатар, ағылшындық әріптестер өздерінің зертханаларында ҚазҰУ профессорларымен география, тарих, ядролық физика және т.б. салалардағы жобалармен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық тәжірибесі қазірдің өзінде қол жетімді.

Осы жылдың сәуір айында ҚазҰУ Оксфорд университетімен бірлесе Еуразияның орталық бөлігінде орналасқан аридті аймақтарының тұрақты дамуының өзекті мәселелеріне арналған "Аридті аймақтар: экологиялық және әлеуметтік тұрақтылық" атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Ғылыми және тәжірибелік құндылықтарын ерекше атап өткен шетелдік ғалымдар мен сарапшылар шараға жоғары баға берді.

Оксфорд университеті әлемдегі ең көне және үздік университеттердің бірі екені баршаға мәлім. Онда 20 мыңнан астам студент білім алады, олардың төрттен бір бөлігі шетелдік студенттер болып табылады. QS халықаралық рейтингісінде ол әлемдегі үздік бес университеттің қатарына енген.

Баспасөз қызметі