Жаңалықтар

Грант саны көп факультеттер анықталды

13.08.2018

Биыл ҚазҰУ-ға грант саны көп бөлінген үздік үштікке енген факультеттер қатары белгілі болды.

Ақпараттық технологиялар факультеті мемлекеттен бөлінген жалпы гранттың 1059-на ие болып алға шықты. Екінші орында физика-техникалық факультет 1009, үшінші биология және биотехнология факультеті 1001 білім грантын жеңіп алды. Бұл жайында ректорат мәжілісі барысында қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Жарылқасын Жаппасов мәлім етті. Оның айтуынша, одан кейінгі орындарды география және табиғатты пайдалану 815, механика және математика факультеттері 557 орындық грантты иеленген.

«Биыл грант саны мен оқуға тапсырушы талапкерлер саны көп. Олардың басым көпшілігі Алматы, Алматы облысы, Шымкент қаласы, Қызылорда және Түркістан облысы аймақтарынан келушілер. Ал ақылы бөлімге түсушілерге құжат тамыз айының 25 жұлдызына дейін жалғасса, магистратура және докторантура бойынша оқуға түсушілердің қорытынды тізімі осы айдың аяғында нақты белгілі болады»,- дейді жауапты хатшы.

Жиын аясында ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Тілекқабыл Рамазанов кафедралардағы оқытушы профессорлар құрамының контингентін қалыптастыру барысымен таныстырды. Ол барлық факультеттер бойынша бүгінгі күнге дейінгі ОПҚ-ның қалыптасу деңгейіне жекелей тоқталып, ҚазҰУ-да постдокторантура бағдарламасын жүзеге асыру жайын да айтып өтті. Жиын соңында бағдар беру аптасының шаралары және басқа да өзекті мәселелер талқыға түсті.

 

Баспасөз қызметі