Жаңалықтар

Әл-Фараби тұлғасы Түркияда ұлықталды

01.11.2018

2018 жылғы 31 қазан күні Түркияның Ыстамбұл қаласында әлемнің Екінші ұстазы атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің мұрасына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Шара аясында түсірілім жұмыстары 2014 жылы басталған «Әл-Фараби – Бір Өркениет ойшылы» атты үш бөлімді деректі фильмнің таныстырылымы да болды.

Ұлы ұстаздың есімін иеленген Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бұл фильмнің жарыққа шығуына «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жан-жақты қолдау білдіріп, қазақстандағы түсірілім жұмыстарына да атсалысты.

БҰҰ Түркиядағы өкілдігінің жетекшісі, фарабитанушы, профессор Бекір Қарлығаның бастамасымен жарық көрген аталған деректі фильмде өз еңбектері арқылы мейірімді адам мен қайырымды қала тұжырымдамасын кеңінен насихаттаған Әл-Фараби ілімі мен өмір жолы кеңінен суреттелген.

Фатих Әлі Әміри мәдениет орталығында өткен конференцияда сөз алғандар: Ыстамбұл қалалық Кеңесінің хатшысы Ахмет Саламат, фарабитанушы Бекір Қарлыға, Ыстамбұл университетінің ректоры, профессор Махмұт Ак және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов бүгінгідей «Өркениеттер қақтығысы» заманында Әл-Фарабидің зайырлы қоғам құруға бағытталған еңбектерінің бүгінгі күндегі маңыздылығына тоқталды.

Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегіне негізделген «Al-Farabi University smart city» жобасының қолға алынғанына тоқталған ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов өз баяндамасында «университет 4.0» жобасымен таныстырып, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының осы саладағы өзектілігін атап өтті.

2020 жылы әлемге «Екінші ұстаз» ретінде танылған түркі әлемінің дана ойшылы Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде кеңінен аталып өтпекші. Осы мерейтой қарсаңында әлемде баба мұрасын насихаттауға арналған көптеген іс-шаралар жоспарланып, басталып та кетті. Осыған дейін 2014 жылы Голландия киностудиясы түсірген «Әл-Фараби – Екінші ұстаз» деректі фильмін ҚазҰУ Телерадиокешені тұңғыш рет қазақ тіліне дубляждап, оны «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының эфирі арқылы Қазақстан жұртшылығына таныстырды.

Сондай-ақ, Әл-Фарабидің рухани ілімін кеңінен насихаттайтын қазақстандық фильмнің түсіру жұмыстарын ҚазҰУ бастап кеткенін ерекше өткен жөн. Әл-Фараби жайлы жаңа отандық деректі фильмнің түсірілім жұмыстары Түркия жерінде де жалғасуда.

www.kaznu.kz