Жаңалықтар

Северанспен әріптестік дами бермек

11.09.2018

Северанс ауруханасының бас директоры Ли Бен Сок медициналық сақтандыру саласында Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл туралы ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығымен кездесу барысында айтты. 

Кездесуді ашқан ҚазҰУ ректоры «Серпінді екіжақты ынтамақтастық барысында университетімізде медициналық факультет ашылып, халықаралық білім беру бағдарламалары, оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін арттыру магистранттар мен докторанттардың тағылымдамадан өтуі Северанс ауруханасымен бірлесе тұрақты түде ұйымдастырылып тұрады. Ёнсе университеті жанындағы Северанс ауруханасының Қазақ ұлттық университетінің стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін шексіз алғысымды білдіремін», - деді Ғалым Мұтанов.

Аурухананың бас директоры Ли Бён Сок өз кезегінде Корея-Қазақстан қарым-қатынасының қарқынды дамып келе жатқанын атап, болашақта бірлесе ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендігін білдірсе, атқарушы директор Мионгсей Сон Кореядағы медициналық сақтандыру жүйесі бойынша өз тәжірибесімен бөлісуге даяр екендігін жеткізді.

Естеріңізде болса 2014 жылдың желтоқсанында ҚазҰУ-дың «Керемет» СҚКО-да ҚР Жоғары оқу орындарының тарихында алғаш рет «Кангнам Северанс» ауруханасымен бірлескен медициналық-диагностикалық орталық ашылған болатын. Орталықта оқытушылар мен студенттерге жоғары сапалы технологиялық жабдықта халықаралық сапа стандарттарына сәйкес медициналық қызмет көрсетіледі. Университетте медицина мамандарын дайындауда халықаралық стандарттар мен жаңа ғылыми жетістіктер негізінде білім беру бағдарламаларының барлық деңгейлері жүзеге асырылуда. Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің білім беру бағдарламасы Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының медициналық факультеттерінің оқу бағдарламаларына негізделіп отыр.

Баспасөз қызметі