Жаңалықтар

Заманауи ақындар кеші

12.09.2018

Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Қазіргі заманның ең танымал ақындары – Сергей Гандлевский (Ресей), Бахыт Кенжеев (АҚШ), Олжас Сүлейменов, Алексей Цветковтың (Израиль) поэзиялық кеші өтті.

Әсем сөзден өрнектеліп жыр төгілген керемет кешке әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалым Мұтанов, жазушылар, көрнекті қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Аталмыш шығармашылық кешті журналист, публицист, және халықаралық қазақ «Пен» клубының президенті Бигелді Ғабдуллин ашты. Ол әр ақынның өмірбаянынан сыр шерте отырып, олардың өмірлерінен қызықты деректерді баяндап берді. Поэзия – адам жан-дүниесінің шырқау биігі, ол рухты көтеріп, сананың сан түрлі ғажайыптарға жетелейтін үлкен жетістіктердің бірі екенін Бигелді Ғабдуллин ерекше атап өтті.

Осынау бір жырдан шашу шашылған кешке жиналған көпшілік қауым ақындардың өлеңдерін ерекше ықыласпен тыңдап, әрбір сөзін санаға сіңіріп, өнеге алуға тырысқандары көрініп-ақ тұрды. Жиналған жас та, кәрі де өткенге көз жүгіртіп келешекке деген ойларға сапар шекті, әркім өз ойымен оңаша қалып, бір кездері жаралап алған жандарын ақындардың жүрекке шипа болар жырларымен емдегендей әсер сезілді.

Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов Омарұлын зал ерекше ықыласпен қарсы алды. Ол осынау бір әсем кешті ұйымдастыруға атсалысқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұжымына ерекше алғысын айта отырып жиналған көпшілік қауымға алғысын білдірді. Олжас Сүлейменов өзінің ерекше еңбектері мен өлеңдерінің туылуына себеп болған әсерлі сәттермен бөлісіп, қазіргі заманауи әдебиет пен ғылымдағы философиялық ойларымен бөлісті. Сонымен қатар кеш барысында жазушы бірінші ғарышкер Юрий Гагаринге арналған «Адамға табын жер енді» атты поэмасынан үзнділер оқыды.

Кездесу соңында ақындар жиналған көпшілік қауымның сұрақтарына жауа беріп, зор қошеметке ие болды.

Баспасөз қызметі