Жаңалықтар

Сенімді серіктестік өз жалғасын тапты!

18.09.2018

Қиыр Шығыс кафедрасының негізгі міндеттерінің бірі - жыл сайын кафедраның сенімді серіктесі Васеда университетімен бірлесіп қысқы мектеп бағдарламасын ұйымдастыру болып табылады.

Келісім-шартқа қол қойылғалы бері серіктес университеттердің студенттері мен магистранттары үшін әртүрлі халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламалары өткізілуде. Бұдан басқа тараптар арасында жапон тілінде оқу-әдістемелік және анықтамалық материалдар жинау жұмыстары да жүргізіліп келеді. 2018-2019 оқу жылында академиялық күнтізбедегі айырмашылыққа байланысты қысқы мектеп кезеңі күзге ауыстырылады. Осы орайда Қиыр Шығыс кафедрасы шетелдік студенттер мен магистранттарға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандану әлеміндегі қазіргі қазақ мәдениеті» деп аталатын дәрістер мен практикалық сабақтар курсын ұйымдастырды.         

Аталмыш университеттің докторанты Атсуши Сайто осы жылы кезекті рет ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде орналасқан Огихара зертханасының кітапханасына үлкен тарту жасап, жапон тілі, мәдениеті мен тарихы жайындағы жаңа қызықты кітаптар мен видео материалдармен толықтырды.

Сонымен қатар қысқы мектеп бағдарламасы аясында дәстүрлі жапон тағам мәдениетін дәріптейтін WAMIPOP жобасы да іске асырылды. Екі елдің студенттері Васеда университетінің Огихара зертханасында өсірілген экологиялық таза өнімдерден жапон тағамын дайындап, көрме ұйымдастырды. Айта кететін тағы бір жайт - жапон студенттері үшін қазақ отбасында бір күн өткізу мүмкіндігін беретін Хоумстей бағдарламасы ұйымдастырылып, қазақстандық отбасыларда қазақ мәдениетімен танысу үшін жақсы тәжірибе болды. Серіктес университеттердің студенттерін ынталандыру жаңа деңгейде қарым-қатынас орнатуды қалыптастырады. Жапониядан ҚазҰУ-ға және бізден Жапония үкіметінің шәкіртақылық бағдарламасы бойынша Васеда университетіне аттанған студенттерімізге тек сәттілік тілейміз!

Қиыр Шығыс кафедрасы