Жаңалықтар

Шығыстану факультеті кәсіби бағдар беру жұмысын өткізді

01.10.2018

Japan Foundation гранты, «Sakura Network» бағдарламасы аясында оқушыларға мамандық таңдауға жәрдемдесу мақсатымен Қиыр Шығыс кафедрасы Тараз, Талдықорған қалаларының мектептерінде кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізіп қайтты.

Қиыр Шығыс кафедрасы халықаралық қорымен бірлесе (Japan Foundation) 3 жыл қатарынан кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жапонтану бөліміне түсетін студенттер санының жыл сайын көбейуі бұл жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанына дәлел бола алады. 2018-2019 оқу жылында студенттер саны 24-ке жетіп, олардың көпшілігі Қазақстанның түпкір-түпкірінен оқуға тартылған. Бұл жұмысқа халықаралық жапон қорының маманы PhD докторы Ониши Юми мен Қиыр Шығыс кафедрасының ассистенті Д.С. Байсеитова қатысты.

Кәсіби бағдар беру жұмысына 200-ден астам оқушы қатысып, олар жапон тілі мен мәдениеті, тарихы және қазіргі шығыс елінің келбетімен толықтай танысты. Толық мағлұмат алған жоғары сынып оқушыларын Жапония үкіметі тарапынан берілетін білім гранттары мен шәкіртақылар қатты қызықтырды. ҚазҰУ оқытушылары ҚазҰУ Жапонияның Васеда университеті, Цукуба университеті, Хоккайдо, Сайтама және Токио шет тілдері университеттерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқандықтарын айтты. Шара соңында Қиыр Шығыс кафедрасы мен оның оқытушылары, студенттік өмір жайлы 2 бейнефильм көрсетіліп, жапонтану бөлімінде оқуға қызығушылық танытқан оқушыларға Қиыр Шығыс кафедрасының арнайы буклеттері ұсынылды.

Қиыр Шығыс кафедрасы