Жаңалықтар

Жоғары білімге жоғары талап қажет

29.10.2018

ҚазҰУ-да «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді дамыту: тәжірибе және перспективалар» атты республикалық конференция өтті.  

Конференцияға ҚР Білім және ғылым вице министрі Аймағамбетов Асхат, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті мен ҚР жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары қатысты.

ҚР Білім және ғылым вице министрі Аймағамбетов Асхат жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ондағы әлеуметтік ізгілендіру пәндерінің типтік оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту және жалпыға міндетті білім беру стандарттарын жетілдіру сынды мәселелерді алға тартты. Ол жоғары оқу орындарының білім беру үдерісіндегі бүгінгі жағдайы туралы баяндап, оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін, оның халықаралық деңгейін арттыруға және мамандарды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған шаралар кешенін ұсынды. Олар кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру қағидалары, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің типтік ережелері, ондағы жалпыға міндетті білім беру стандарттары, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тәртібі, жаңа білім беру бағдарламалары бойынша кешенді жұмыстар атқарылуы қажет деп қадап айтты. Сондай-ақ, ол 2018 жылдың 10 қарашасынан 1 қаңтарға дейін барлық ЖОО-да жұмыс берушілердің талаптарына және кәсіби стандарттарға сай жаңартылған білім беру бағдарламаларын құрастыру, 10 қарашаға дейін әр ЖОО ішкі ережелерін жасау мен қарашаның басына дейін нормативтік құқықтық актілерді бекітіп, ҚР Әділет министрлігінде тіркеуді тапсырды. Оның айтуынша, «2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздегі 10 жоғары оқу орнында 91 білім беру бағдарламалары жүзеге асуда. Осы ретте ЖОО әртүрлі бағдарламалар мен арнайы гранттар бойынша шетелдік студенттер санын арттыру қажет. Мұнда шетелдік әріптестер және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығымен бірлесе жұмыс жасау маңызды», – деді вице министр.    

Жиын аясында халықаралық көрмелерге белсене қатысу, ЖОО-лардың шетелдерде өкілдіктерін ашу, әртүрлі әдістер қолдану арқылы ҚР жоғары оқу орындарына шетелдік студенттерді тарту, «Болашақ» бағдарламасына қатысушы ОПҚ келешек жоспарын жасау, студент үйлері мен білім беру корпустарының әлемдік стандарттарға сәйкестігін қадағалау, халықаралық және шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруда бөлімшелер құру мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жетілдірудегі басқа да бағыттар бойынша ұсыныстар айтылды. Конференция соңында қатысушылар білім беру бағдарламаларының негізгі басымдықтарына және осы саланы дамытудағы өзге де стратегиялық міндеттерге баса назар аударып, талқылау кезінде білім беру мекемелерінің басшылары Жолдауда айтылған Президент бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz