Жаңалықтар

ҚазҰУ ғалымдары өндірісті іске қосты

31.10.2018

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жаңа химиялық технологиялар мен материалдар ЕМК ҒЗИ әзірлеуімен ЖШС ВАСТЕ базасында полиэфирлі шайырлар тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісі алдын-ала іске қосылды.

Жоба АҚ «Ғылым қоры» және ЖШС ВАСТЕ жеке серіктестердің қаржылық қолдауымен іске асырылады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ президенті Ануарбек Сұлтанғазин «Қазақстан нарығында жаңадан өндірілетін бұл тауар түрі Қазақстан өнеркәсібінің даму бағытының басым бағыттарына сәйкес келеді. Біздің бірлескен жұмысымыз «Ғылым және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру» бойынша ұлт жоспарының 64 қадамына негізделген. Қанықпаған полиэфирлі шайырларды дайындау кәсіпорнын құру арқылы біз отандық өнеркәсіпті ғана құрып қоймай, композитті материалдар өндірушілерді қолдаймыз және шикізатты 10-15% шет елден келетін бағадан төмен ұсынамыз. 2019 жылдың бірінші тоқсанында біз технологиялық жабдықтарға негізделген әртүрлі шайырлар тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін іске қосуды жоспарлап отырмыз және полиэфир шайыры сапасын бақылау зертханасы да аттестациядан өтеді», – деді А. Султангазин.

Өз кезегінде жоба жетекшісі Ғалия Ирмухаметова «Полиэфирлі шайырлар өндірісі Қазақстанның өндірістік кешенін отандық шикізатпен қамтамасыз етеді. Жақсартылған физика-механикалық сипаттамалары бар ангидридтер, полиол, стирол және акрилаттар негізінде полиэфир шайыры дайындалады. Өндірілген технология полиэфир шайырларының өнімділігін 7-10%-ға арттыруға және өндіріс уақытын 15%-ға қысқартуға мүмкіндік береді», – деді жоба жетекшісі.

«Әр түрлі композициялық және құрылыс материалдары, шыны пластиктер, жасанды тас, автокөлік шанақтарының бөлшектері, радиоэкрандайтын жинақтар және басқа да өндірісте пайдаланылатын арнайы мақсатты полиэфирлі шайырларды дайындауда тапсырыс берушінің қажеттіліктері мен ерекшелігін ескере отырып өндіреміз» – дейді ВАСТЕ ЖШС өңірлік басшысы Болат Байжанов. Алдағы уақытта жобаның кейінгі кезеңінде шайырлы өнімнің максималды көлемін жылына 300 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz