Жаңалықтар

IT-маманымен кездесу

01.11.2018

ҚазҰУ-дың Ақпараттық технологиялар факультетінде «Relog» start-up жобасының негізін қалаушы, механика-математика факультетінің түлегі Бауыржан Рүстемовпен кездесу өтті.

ҚазҰУ түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен аталмыш кездесуде  болашақта өздерінің start-up жобаларын қолға алып дамытқысы келетін студенттер үшін мотивациялық шеберлік сабақ түрінде өрбіді. Б. Рүстемов қазіргі таңдағы start-up жобалардың қай бағытта қарқынды жұмыс жасап жатқандығын айтып, мақсатқа жету жолындағы қыр-сырларымен бөлісті.

«Өздеріңіздің шеберліктеріңізді әрқашан да дамытып отырыңыздар, кез келген жаңа бір білімді игеру барысында шығармашылық тәсілмен шешуге тырысыңыз. Сонымен қатар белгілі бір жобаны 10-15 жыл бойы қызмет жасайтындай жан-жақты қылып жасаңыздар. Және де ең бастысы егер де сіз өз жобаларыңыздың көпшілік тарапынан танымалдылыққа ие болып, ұзақ уақыт қолданыста болғанын қаласаңыздар, онда жобаны бүкіл әлем түсінетіндей деңгейде жасау өте маңызды. Сондай-ақ start-up жоба жасаудағы ең маңызды бөліктердің бірі – ол толыққанды тобыңның болуы, және де олардың кәсіби әрі білікті маман болуымен қатар жұмысты жылдам әрі тез жасай білуі өте маңызды рөл атқарады»,– деді компаниясының бас директоры Б. Рүстемов.

Start-up компаниясының негізгі міндеттері курьерлік, логистикалық, дистрибьютерлік компанияларға өздерінің көліктерін, уақыттарын және бағыттарын дұрыс таңдауға мүмкіндік беру. Қазіргі  ірі компаниялар қолдағы барын дұрыс қолданбай жатады. Аталмыш  компания бұл  мәселені оңай шешіп, сандық жүйені жүктеп алу арқылы шығатын шығындарын 55 пайызға дейін азайтқан. Осы бағдарламаны бүгін де еліміздің және де Ресей, Украина, Белорусь елдерінің 100-ден астам ірі компаниялар қолданады. Алдағы уақытта компания өз қызметтерін ТМД елдерінен бөлек аймақтарға да ұсынуды жоспарлап отыр.

Кездесу барысында Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Уалшер Тукеев болашақта ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультеті кафедраларының филиалы «Relog» компаниясында ашылуы жоспарланып отырғандығын айтты.

Сондай-ақ кездесуде ҚазҰУ студенттері өздерін ойландырған сұрақтарын қойып, ақыл-кеңестер мен start-up жобаларын дамытуда қандай маңызды мәселелерге көңіл бөлу керектігі туралы шеберлік сабақтарын алды.

 

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz