Жаңалықтар

Әлеуметтік бастамалар

14.11.2018

Ел Президентінің әлеуметтік жауапкершілік және қайырымдылық таныту үндеуі бизнес және түрлі мекемелер өкілдері ортасында қызу қолдауға ие болып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер мен жас ғалымдарды қолдау үшін демеушілерді тарту үрдісі жақсы дәстүрге айналды. Тек соңғы үш жылдың өзінде ҚазҰУ түлектері, университеттің жұмыс берушілері мен серіктестері, қазақстандық және шетелдік компаниялар студенттерге 350 миллион теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетті.

Меценаттар адами капиталға инвестиция құя отырып ҚазҰУ-ды еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын сәтті серіктес деп қабылдайды.  

Мәселен, жаңа оқу жылында Жапония үкіметтік ұйымы ҚазҰУ студенттеріне арнап 80 миллион теңгеден аса қаржы бөлді. Қаржылай көмек Күн шығыс еліндегі үздік университеттерде білім алу және ғылыми тағылымдамадан өтуге арналды.

Жақында ғана «Азия елдері үздік студенттеріне шәкіртақылар» бағдарламасы аясында талантты студенттер мен магистранттарға оңтүстіккореялық танымал «POSCO» компаниясының арнайы қоры қаржылай қолдау жасады.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен біздің әріптестігіміз кеңеюде әрі жаңа деңгейге шықты. Біз білімге құштар және жоғары білікті маман болуды қалайтын, сонымен бірге өзінің елі мен халқына пайдасын тигізгісі келетін жастарды қолдаймыз», - деді қордың визе-президенті Нан Ян Санг салтанатты табыстау рәсімінде.

Университетте студенттерге арналып тұтас бір әлеуметтік қолдау кешені жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек. Ақылы бөлімде үздік оқитындарға, сонымен бірге әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасы студенттеріне оқу ақысын төлеуде 10-нан 25%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Жыл сайын университеттің ғылыми зерттеулерін қаржыландырудан 10%, яғни 400 миллион теңге магистранттар мен докторанттарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартуға бөлінеді.

ҚазҰУ-да сонымен қатар «Әл-Фараби» олимпиадасының жеңімпаздарын және мемлекеттік білім грантын жеңе алмаған «Алтын белгі» иегерлерін тегін оқыту қарастырылған.

www.kaznu.kz