Жаңалықтар

Күзгі PR мектебі өтті

07.12.2018

ҚазҰУ-дың журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының ұйымдастыруымен «Коммуникация және медиа: тұрақты даму стратегиясы» атты V халықаралық дәстүрлі күзгі РR мектебі өтті.

Шара аясында шетелдік және қазақстандық журналистердің, танымал PR мамандарының шеберлік сыныптары өткізілді. Күзгі мектепке Ауғанстаннан «Aryana TV» телеарнасының журналисі Rasouli Rostam Homayoon және «Dawar Travel Agency» директоры Dawar Mirwais арнайы келіп, Ауғанстан бұқаралық ақпарат құралдары туралы ақпарат беріп, тәжірибе алмасты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ телерадиокешенінің директоры Дәурен Мұхамеджанов телехабарлар жасаудың қыры мен сырын әңгімеледі. «Kaspi Bank» АҚ баспасөз хатшысы Ербол Азанбек пен банктің ішкі коммуникация жөніндегі маманы Сәуле Мусинаның дәрістері тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын туғызды. Блогер, сайт редакторы Айжан Кульмуханбетова, «Кселл» АҚ PR-маманы Салтанат Бердіқұлова, блогер, SMM маманы Жалғас Ертайлар PR трендтері, Push хабарламаларын жасау, SMM-технологиялар, мультимедиалық контент құру, журналистік білім берудің бүгіні мен ертеңі тақырыптары бойынша дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті.

Күзгі мектеп аясында өткізілген дәрістер барысында әр өңірден келген университет студенттері мен магистранттары PR мамандығы, қаржы саласындағы PR, баспасөз хатшысының қызметі, видеоконтент жасау, әлеуметтік желідегі жұмыс туралы мол мағлұмат алып, PR маркетинг саласындағы жаңа технологиялармен танысты.

Журналистика факультеті

www.kaznu.kz