Жаңалықтар

«Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік»

13.12.2018

«Ақ жол» демократиялық партиясының қолдауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  тарих, археология және этнология факультетінің «Студенттердің ғылымы қоғамы» ұйымы мен «Жас Орда» үйірмесінің ұйымдастыруымен Алашорда үкіметінің 101 жылдығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналған «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік» атты ғылыми-шығармашылық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Марапаттау рәсімін құттықтау сөзбен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің деканы, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мендігүл Ноғайбаева ашты. Шараға құрметті қонақтар ретінде «Қазақстан құрылыс материалдары» өнеркәсібі қауымдастығының президенті, Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының вице-президенті, «Ақ жол» ҚДП-ның мүшесі Марал Томпиев, «Ақ жол» ҚДП-ның Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Ақжолов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі БерекетКарибаев және тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қалыш қатысты.  

Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімімен екі номинация бойынша бір ай көлемінде өткізілген ғылыми-шығармашылық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Нәтижесінде «Жас ғалым» номинациясы бойынша І орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің 3-курс студенті Айгүл Нұратай иеленді. Ал ІІ орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің 3-курс студенті Бағлан Əбеу мен филология және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті Жансая Сман, ІІІ орынды Азаматтық авиация академиясының 1-курс студенті Никита Буш пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің тарих, археология және этнология факультетінің 1-курс студенті Əсел Тұрсынғалиева өзара бөлісті. 

«Жас қалам» номинациясы бойынша І-ші орынды әл-Фараби атындағы ҚаҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің 1-курс студенті Несіпбай Нұрғали, ІІ-ші және ІІІ-ші орындарды физика-техникалық факультетінің І курс студенттері Гауһар Молдрахым мен Құрал Сапаралы иеленді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен сертификаттар табыс етілді. 

Марапаттау рәсімі барысында «Алаш» партиясының және Алашорда үкіметінің 101 жылдығы аясында Алаш мәселесін, Алаш қайраткерлерінің тұлғасын, Алаш қозғалысының тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызы туралы сөз қозғалып, байқау жеңімпаздарының баяндамалары оқылып, бейнесюжет көрсетілді.  

www.kaznu.kz