Жаңалықтар

Күншығыс елінің мәдениет күні

18.12.2018

 Жақында Алматы қаласында Орталық мемлекеттік музейінде жыл сайын өтетін Жапон мемлекетінің мәдениет күні атап өтілді. Іс-шараны Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігі және Қазақ-Жапон Адам Ресурстарын Дамыту Орталығы, «Нархоз» университеті, Қазақстандағы жапон бизнесмендер қауымдастығы, Теракойя ұйымы және Қазақ-Жапон Жібек Жолы ассоциациясымен бірлесіп дәстүрлі Жапон мәдениет күнін өткізді.

Аталмыш шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жығыстану факультетінің, Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері, оқытушылары қатысты.

Салтанатты бас қосудың шымылдығын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай мен Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабата, «Нархоз» университетінің ректоры Эндрю Вахтель мырза ашты.

Жапон мәдениет күнін өткізу мақсаты – Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып, өзара байланысты дамыту. Сондай-ақ Алматылықтар мен қала қонақтарын Күншығыс елінің салт-дәстүрімен, заманауи инновациялық және интелектуалдық жетістіктерімен таныстыру болып табылады.

Фестивальде қонақтар мәдени дәстүрлермен және өнердің заманауи түрлерімен атап атап айтар болсақ жазу, музыка, би және де жапон компанияларының өнімдерімен де танысты.

Фестиваль барысында: «Ооэдодайко» барабаншылар тобының көрсетілімі, «Ёсакой Соран» өнерпаздарының орындауындағы жапон биі, «Cosplay» анимациялық компьютерлік ойын, жапондық дойбы ойыны (« го дойбысы»), жапондықтардың дәстүрлі киімі – Юкатаны кию әдісі, өнер түрлері, қол өнері: манга арт стилі (жапон комикстері суретін салудың дәстүрлі әдістері мен техникасы), «Сумиэ» өнері (қағазға тушпен, бояумен сурет салу), оригами және фурошики (матадан дайындалған сыйлықты ораудың ежелгі техникасы), исекатагами (матаны бояу үшін пайдаланатын қағаз трафаретті жасау өнері), икебана өнері ( дәстүрлі бейімдеу-әрлеу өнері) және т.б. өнерлері көрсетілді.

Фестиваль барысында келушілер «Самурай» – жапон қуыршақтарымен танысып, каллиграфия – көркем жазу шеберлік сабақтарында иероглифтерді жазуға машықтанып, жапон халқының шай беру рәсіміне шай құю, дәстүрлі жапон тағамдарын (такояки, мочи-цуки) дайындауды үйренді.

Қиыр Шығыс кафедрасы

www.kaznu.kz