Жаңалықтар

ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы

13.12.2018

Астанада «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының қорытынды кезеңі өтті. Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен ұлттық байқаудың ақтық мәресінде әр өңірлерден келген 12 үміткер бақ сынасты.

Оған белгілі алаштанушы ғалымдар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесінің мүшелері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конференцияны құттықтау сөзбен «Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев ашты.

Байқауды қазылар алқасының төрағасы академик, профессор Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Елімізге белгілі алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп, алаш қайраткерінің ұрпағы, ғалым Қайырбек Кемеңгер және филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлов төрағалық еткен қазылар алқасы төрт номинация бойынша өткен байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.

Нәтижесінде «Алаш қозғалысы және ұлтты рухани жаңғырту мәселелелері» тақырыбы бойынша аль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің магистранты Мырзағали Абай бірінші орынға ие болып, «Алаштың Ақ жолы» байқауының лауреаты төсбелгісімен марапатталды. 

Жеңімпаздарға 300 мың, 200 мың және 100 мың көлемінде сертификаттар берілді. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің барлығының омырауларына «Алаштың ақ жолы» төсбелгісі қадалып, тиісті дипломдар табысталды.

www.kaznu.kz