Жаңалықтар

«Ұлы Даланың жеті қыры»

28.12.2018

Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын талқылауға арналған Қазақстанның әлеуметтанушылар қауымдастығы Төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Шараны ұйымдастырушылар қатарында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университі. Оған қазақстандық жетекші сарапшылар – әлеуметтанушылар, тарихшылар, саясаттанушылар, археологтар, этнологтар, мәдениеттанушылар және Алматы қаласының жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зарема Шаукенова өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығының (ҚӘҚ) «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысып отырғанын атап өтті.  Бұл жұмыстың қорытындысы мен зерттеулердің жаңа бағыттары  2018 жылдың күзінде Астанада өткен ҚӘҚ мүшелерімен әлеуметтанушылардың кезекті Конгресінде талқыланған болатын. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғырудың» жалғасы бола отырып, қоғам, ғылыми орта және сарапшылар тарапынан кең қолдау табуда.

Гуманитаристиканың түрлі бағыт өкілдері қазіргі Қазақстанның аумағын мекендеген халықтардың өткені арқылы ел тарихын қазіргі заманғы көзқарас тұрғысынан қарастыру үшін жаңа зерттеу нысандарын табуда.

Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығының вице-президенті, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Серік Сейдуманов «Егер біз Президенттің мақаласында айтылған ғылыми ізденістер бағыттарының жиегін кеңейтіп, оған тек тарихшылар мен археологтарды ғана емес, сондай-ақ генетика мен лингвистика мамандарын тартсақ, онда біз анағұрлым ауқымды тарихқа ие боламыз», - деп атап өтті. Сонымен қатар, оның пікірінше, біздің отандық ғалымдар Ұлы Даланың әлеуметтік дамуын зерттеу барысында философия, география және биология, әсіресе әлеуметтану саласындағы әлемдік зерттеушілердің әдістемелік құралдарын және жетістіктерін басшылыққа алу керек. 

ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнография факультетінің деканы, профессор Меңдігүл Ноғайбаева мәжіліс қатысушыларының назарын дала өркениетінің дамуын тұтастай процесс ретінде зерттеу қажеттілігіне аударды. «Жаһандану және бұқаралық мәдениет орныққан заманда біздің ата-бабаларымыздың тарихи мұрасын жоғалтпау аса маңызды. Бұл бүгінгі таңда Қазақстан халқының өзіндік ерекшелігін, ұлттық мәдениет қазынасының тереңдігін сезінуге мүмкіндік береді», - деді ол.

«BISAM Central Asia» әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер және бизнес-ақпарат орталығының президенті, профессор Леонид Гуревичтің пайымдауынша, Президент мақаласының аса маңызды тұсы еуропоцентризмді сынға алу. «Еуропоцентризмнен ауытқу бүгінгі таңда әлемдік қоғамның басты үрдісі», - деп атап өтті спикер. «Классикалық қана емес, сонымен қатар модернистік және постмодернистік теориялар өздерінің географиялық шектеулігіне байланысты қателігі анықталуынан құлдырау үстінде. Бұл жағдайда қазақстандық қоғамтанушылар бірегей мүмкіндікке ие болуда, яғни тек әлемдік ғылыми кеңістікке интеграцияланып қана қоймай, сондай-ақ оған тең дәрежеде кіре алады».

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің бас зерттеушісі, тарих ғылымдарының докторы Леся Каратаева күн тәртібіндегі міндеттерге, атап айтқанда, «жас мамандар арасында ғылыми қызметкердің әдістемелік мәдениетін алға жылжыту, сондай-ақ тек ұлттық деңгейде ғана емес, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті тәуелсіз ғылыми мектептерді құруға мүмкіндік беретін теориялық және әдістемелік бағыттарды әртараптандыру» мәселелеріне тоқталды.

Сонымен бірге, отырыс қатысушылары қазіргі заманғы әлеуметтану ғылымындағы тарих пен негізгі үрдістерді тану, сананы жаңғырту, тарихи ғылымды дамыту және де инновациялық технологиялар мен интерактивті әдістер арқылы Ұлы Даланың жеті қырының символдық мәні мен мағынасын ашу мүмкіндіктерін талқылады.

Шара аясында мәжіліс қатысушылары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ашылған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихи-көркем экспозициясы таныстырылды.

www.kazmu.kz