Жаңалықтар

Жаңалықтар


21.11.2011 28 қарашада философия және саясаттану факультетінде Цюрих университетінің профессоры Питр Финке лекция оқиды

28 қарашада сағ. 15.00-де философия және саясаттану факультетінде (№412 ауд.) Science Suisse Швейцариялық көрменің ашылуы аясында Цюрих университеті Әлеуметтік және мәдени антрополгия орталығының профессоры Питер Финкенің «Біз қазіргі Орталық Азия жөнінде не білеміз: (тек) батыс перспективасы (емес)» тақырыбына ашық дәрісі өтеді.


21.11.2011 "Golden Mind of KazNU" зияткерлік сайысы өтті

12-13- қараша күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да "Golden Mind of KazNU" зияткерлік сайысы болып өтті. әл-Фараби атындағы Студенттер Ғылыми Қоғамы төрайымы- Гүлмарал Махабiл), Зияткерлік Клубының президенті – Алмас Серікұлы және инновация бөлімінің жетекшісі – Данияр Исмаиловтың қолдауымен өткізілген аталмыш шараға 200-ден астам студент қатысты.


21.11.2011 Мұстафа Шоқай – түркі әлемінің алыбы

ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен факультеттердегі клубтар мен үйірмелерде «Қазақ халқының біртуар тұлғаларына» арналған шаралар өткізілуде. Осыған орай, жақында халықаралық қатынастар факультетінің «Тура Би» ғылыми шешендік өнер клубы «Мұстафа Шоқай – түркі әлемінің алыбы» атты зияткерлік сұхбат өткізді.

Бұл жиынды ұйымдастыруға қатысқан және ат салысқан, кафедра меңгерушісі Байтоқаева А.Ш. және оқытушылар: Бөрібаева С., Омарова М., Смағұлова Г., Құлжанова Б., «Тура Би» шешендік өнер клубының жетекшісі Ақбұзауова Б., х/құқық –12, 18 орыс топтары, аймақтану, х/қ‑11 топтарының студенттері және клуб мүшелері.

Зияткерлік сұхбатта студенттер А.Байжігітова, А.Ержанова, А.Жөкенова Мұстафа Шоқайдың өмірбаяны, саяси қызметке араласуы, Думадағы мұсылман фракциясындағы хатшылық қызметі жайлы айтып өтсе, Өміржанова С., Мұстафаның інісі жазған хатын оқып, Зияданова Айдана Мұстафаның эммиграциядағы қызметі жайлы жан‑жақты қызғылықты ақпарат ортаға салды. Азат Түркістан мемлекетін құруды мұрат еткен Мұстафа Шоқай сынды алаш ардагері туралы айтылған ойларды 2‑курс студенті Мелдеханов Дәулет өзінше қорытындылады.


19.11.2011 «Әлем қаупі-лаңкестік» атты ашық эдвайзер сағаты өтті

18 қарашада халықаралық қатынастар факультетінде «Әлем қаупі-лаңкестік» атты ашық эдвайзер сағаты өтті.

Аталмыш шараны дипломатиялық аударма кафедрасының эдвайзерлері Г.Н.Абдвахитова, Г.Т.Тілеужанова бірлесе отырып ұйымдастырды. Бұл шараға дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі профессор А.Ш.Байтукаева, халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы М.Байжанов, университетіміздің Тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы Ә.А.Тұрмаханбетова қатысты. Халықаралық қатынастар факультетінің «халықаралық құқық» мамандығының 13, 15 топтары қатысты. А.Бақытова мен Е.Сатыбалдинов баяндама жасады. А.Орынгалиева мен Н.Қалиева тақырып аясында дайындаған слайдтарымен бөлісті.


18.11.2011 Мемлекеттік тілді үйретудегі инновациялар талқыланды

18 қарашада Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті мемлекеттік тіл кафедрасында республикалық ғылыми-әдістемелік «Мемлекеттік тілдің құзыреттілігі: инновация және модульдік оқыту» атты конференциясы өтті. Конференцияға Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, факультеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен Гази университетінің (Түркия) профессоры Иылдыз Нәсилие арнайы қатысты.


18.11.2011 22 қарашада ҚазҰУ-да Оразалы Сәбденнің «Экономика» таңдамалы еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ректорат мәжіліс залында (15 қабат, сағат 14.30.) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі Экономика институтының директоры, экономика ғылымының докторы, академик О.Сәбденнің 21 томдық «Экономика» таңдамалы еңбегінің тұсау кесері өтеді.

Белгілі ғалым-экономист, академик, қоғам қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, БжҒМ Ғылым комитетінің Экономика институтының директоры, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Қазақстан Республикасының 20 жылдық тәуелсіздігіне арнайы ғылыми еңбектерін қорытып, 21 том етіп шығарды. Оразалы Сәбден Қазақстан Тәуелсіздік қалыптасуының алғашқы қиын жылдарынан бастап экономиканың маңызды табыстарға жеткен күндерінің нақты қатысушысы болған.

Болашақтағы экономиканың негізін құру, жаңа технологиялар, идеялар мен тәсілдерді қолдану, инновациялық даму және бәсекеге қабілеттілікті көтеру, өндірісті модернизациялау және диверсификациялау бірінші рет таңдамалы еңбек ретінде жарияланған «Экономика» атты көптомдықта өзін толығымен көрсетті.


18.11.2011 24-25 қарашада «Гидробиологияның жетістіктері, қазіргі мәселелері және болашағы» конференциясы өтеді

24-25 қарашада биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасында биология және биотехнология факультетінде Н.З. Хусаинованың 100 жылдығына арналған «Гидробиологияның жетістіктері, қазіргі мәселелері және болашағы» тақырыбында Республикалық конференция өтеді.


18.11.2011 Open Faculty Startup Competition стартап байқауы

Open Faculty Case Competition финалына шыққан SIFE КазҰУ және Индиго топтары Стартап байқауына қатысады. Сонымен қатар, байқауға «Болашақ» бағдарламасының түлектері және Perfect&Genius, Smart Hearts, Dragon Motors, Team One топтарының тимбилдерінен құрылған «Open Faculty» құрама тобы қатысады.

Қатысушы топтарға Қазақстанда аналогы жоқ стартапты өңдеу жүктеледі. Стартап идеясына міндетті түрде тәуекел, мүмкіншілік, бопса және т.б. талдамалар негізінде толық бизнес-жоспар қосу керек. Сонымен қатар, презентациялық бөлімде командалар қазыларды (инвесторларды) өз стартаптарын қаржыландыруға сендіру қажет.

Байқау өткізу шарттары: Командалар өз стартаптарын барынша толығырақ көрсету қажет. Стартап келесi белгiлерге сәйкес келуi керек: жаңалық және инновациялық, технологиялық, өзектiлiк және жобаның әлеуметтік маңыздылығы (жоба әлеуметтiк эффект, ашылатын жұмыс орындарының саны, өндiрiс және өнiмнiң экологиясы, бiрлескен жауапкершiлiк сияқты сипаттамаға ие болу керек), коммерциялану және жобаның iске асыру әлеуеті (өнiм немесе қызметке сұраныстың әлеуеті, нарықтық тұжырымдаманың дәлелдiгі, коммерциялық әрiптестердің ойлары).

Ұсынылған стартап идеяларының бұрын сонды кездеспеуі, қайталанбауы, алғашқы рет ұсынылып және Қазақстанда аналогы болмауы ерекше бағаланады. Идея және өңделген бизнес-жоспар барынша нақтылыққа сәйкес болу керек. Жоба құрылымына қатысушылар толықтау жауапты болады. Командаға қойылатын талаптар мынадай: презентация тобын қоса есептегенде бiр команданың толығымен шығуы; презентация тобы 10 адамнан тұрады; бизнес-эдвайзердің қатысуы (қазылар алқасы және ашық кафедраның лекторлары құрамы алынбауы қажет). Командаларға өз презентацияларын қорғау үшін 15 минут беріледі. Сұрақтармен жауаптарға қосымша 10 минут беріледі.



17.11.2011 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Исраил Сапарбайға «Махаббат шайыры» атағын берді

17 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде «Әдеби жүздесулер» клубының ұйымдастыруымен поэзия тарланы, қазақтың бiртуар ақыны Исраил Сапарбаймен кездесу өтті. «Махаббат – мәңгі ертегі» атты жыр кешін қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы ақынның 70 жылдық мерейтойына арналған жылы лебізбен ашып, иығына шапан жапты. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаментінің директоры Гүлнар Әлібекқызы Исраил Сапарбайды қара шаңырақ басшылығы мен ұжымы атынан мерейтойымен құттықтап естелік сыйлықтарын табыс етті.Одан кейін поэзия тарланы кездесуге келген жыр сүйер қауымға өлең оқып, ризашылығын білдірді.

Поэзия тарланымен кездесуге сондай-ақ, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің, журналистика факультетінің сондай-ақ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының оқытушылары мен студенттері және арнайы құттықтау үшін ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының Баспасөз қызметінің бас маманы Сәуле Досжанова арнайы келді. Ақынмен кездесу барысында өнерге таласы бар әрбір жас өз шығармашылығынан жыр оқып, жас таланттар жас тұлпар өлеңдерінің тұсауын кесті. Арнайы жыр мүшәйрасы ұйымдастырылып, бірінен бірі оза шапқан студент жастар драматург, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, халықаралық және республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы, ақын-сазгерге өз шығармашылығын танытып, баға алуға асықты. Оқылған өлең де, сытылып алға шыққан жас та қалың болды. Оқылған жырдан ләззат алған ақын ризашылығын жасырып қала алмады. «Қара шаңырақты аттап кіргеннен алақанға салып аялап отырсыздар. Өте қуаныштымын. Жалпы мен өзімді аға буын ақындардан қалған аманаттай сезінемін. Бұл жыл әдебиет үшін орны толмас ауыр жыл болды. Кеше ғана өмірден Тұмағаң, Қадыр аға кетті. Ойланып отырсақ жетпіске жеткен біздердің алдымызда аға өкіл азайды. Сол үшін біз 70жасты мойындауымыз керек. Жауапты аманатты сезіну деген осы деп білемін. Пайғамбарымыз да бір сөзінде: «менен кейін пайғамбар келмейді, ақындар келеді» деген ғой. Міне, соның айғағы бүгінгі кеш болып отыр. Мен өте байып отырмын, яғни әдебиетке, жырға, поэзияға, өлеңге құмар жастарды, бойжеткендер мен бозбалаларды көріп марқайып отырмын», - деп кездесу аясында ұйымдастырылған мүшәйраны қортындылады.


17.11.2011 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі оқиғалардың халықаралық қауіпсіздік саясаты және Орталық Азиядағы қауіпсіздік саясатына ықпалы

16 қарашада «2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі оқиғалардың халықаралық қауіпсіздік саясаты және Орталық Азиядағы қауіпсіздік саясатына ықпалы» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті, Германдық зерттеулер бойынша орталықтың бастамасымен және Фрдрих Эберт атындағы қордың ұйымдастыруымен, сонымен қатар Орталық Азия бойынша Қордың үйлестірушісі мен оның жетекшісі Вульф Лапинстің тікелей мұрындық болуымен өткізілді.