Жаңалықтар

Жаңалықтар


21.10.2011 Механика-математика факультетінде Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы дәрісхана ашылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде математик, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, қазақстандағы сәулеленудің тасымалдау теориясы ғылыми мектебінің негізін салушы Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы дәрісхана ашылды.

Қазақ ғарыштық зерттеулердің негізін қалаушы ғалым атына арналған оқу аудиториясының ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжағали Сағадиев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман және ғалымның жары Райхан Ғайниқызы, механика-математика факультетінің деканы, профессор Уалихан Әбдібеков, сонымен қатар математик ғалымдар мен факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты. Онда соңынан өшпес мұра қалдырып, математика ғылымының дамуына зор еңбек сіңірген ғалымның қайраткерлігі мен ғылым жолындағы естеліктері айтылды.

- Біртуар ғалым, академик Өмірзақ Сұлтанғазин көзі тірі болса, 75 жасын тойлар еді. Алайда ғалымның аты да, хаты да өлген жоқ. Айтулы ғалым туыстарының арасында, ғылымда және қоғамда мәңгі ұмытылмас ерекшелігімен насихаттала береді. Математиктің ғылымға сіңірген өшпес мұрасын дәріптеп, айтып, жалғастырып отыру үшін осы аудиторияны сол кісіге арнап отырмыз, - дейді академик Ғалым Мұтанов. Одан кейін осы аудиторияның ашылуына орайластырып, Өмірзақ Сұлтанғазиннің 75 жылдығы қарсаңында, арнайы «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген сериялы кітаптың да беташарын жасады. Ғылымға өлшеусіз үлес қосқан ғалымдарды насихаттауға арналып, университет баспасынан арнайы сериямен жарық көріп отырған алтыншы кітапта Өмірзақ Махмұтұлының өмірі, ғылым жолы, еңбектерң, академи жайындағы замандастарының естеліктері жазылған.


21.10.2011 ҚазҰУ-да Фараби оқулары өтеді

Осы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығы қарсаңында Қазақ ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілгендігіне де 20 жыл толып отыр. (Министрлер Кабинетінің № 626-шы Қаулысы, 1991 жыл 23 қазан).

Шығыстың ұлы ойшылы, философ - энциклопедист Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) – түркі тұқымынан тараған, қазақ топырағында дүниеге келген ғұлама (Отырар, Түркістан). Терең білім мен ғұламалық оны «Екінші Ұстаз» атандырды. Ол философия, логика, саясат, этика, музыка және астрономия саласынан терең білімі болды. Ұрпақтарына бай мұрасын – 160-тан астам еңбектер, философиялық трактаттар қалдырды.

Қазақ ұлттық университетінде әл-Фараби мұраларын сақтауда, жастар тарапынан оның идеяларын зерттеуде үлкен жұмыстар атқарылуда. Жаңа музейде ғұламаның мәдени мұраларына арналған Кешен жасақталып, жаңа мұражай салу жоспарлануда. Университет музейі мен әл-Фараби Орталығы философия және саясаттану факультетімен бірге Фараби оқулары-Пәнаралық ғылыми-студенттік семинар өткізу бастамасын көтеруі кездейсоқтық емес. Семинар бұндай ғылыми-мәдени негізде алғашқы рет өткізілгелі отыр. Ол 21 қазан 2011ж. сағат 16-00-де университет музейінде өткізіледі.

Семинардың мақсаты – университет студенттерімен бірлесе отырып әл-Фарабидің көпқырлы және бай мұраларын пәнаралық тұрғыда зерттеу.

Міндеттері – гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары саласындағы әл-Фараби мұраларын ғылыми тұрғыда қарастыру; студенттердің академиялық жұмыс істей білу, презентация дайындау мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қабілеттерін қалыптастыру.


20.10.2011 Қазақстандағы БҰҰ өкілдігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әріптестік меморандумына қол қойды

20 қазанда Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстандағы БҰҰ өкілдігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әріптестігі жайында меморандумға қол қою рәсімі өтеді. Оған БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл, Қазақстанның БҰҰ-дағы бірінші тұрақты өкілі, ҚР СІМ жауапты істер жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова және ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов қатысты.

Екі жақты қол қойылған меморандум негізінен гуманитарлық, қоғамдық, экономикалық ғылымдар саласындағы ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар,бұл құжат адам капиталын дамытуға ға да көп көңіл бөлмек.

Қол қою барысында БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл: «Бұл құжат екі жақты әріптестікті одан әрі дамытып, болашаққа оң ықпалын тигізбек. Университет студенттеріне ғылымның әр саласына кең жол ашып, олардың әлемдік дәрежедегі маман болуына өз үлесін қоспақ», - деп атады. Ал өз кезегінде ректор Ғалым Мұтанов: «Бұл бізге халықаралық аренаға шығуымызға үлкен мүмкіндік береді. БҰҰ-мен ҚазҰУ арасындағы әріптестіктің нығаюына бастама болады. Бұл құжаттан кейін ҚазҰУ студенттеріне БҰҰ есігі айқара ашылып, әлемдік мамандармен тілдесуге жағдай жасалмақ», -дейді.


20.10.2011 Казакстандағы шоу бизнестің дамуы: кәсіпкер көзкарасы

22-қазанында сағат 11.10 Жоғарғы экономика және бизнес мектебінде (№ 2 залында) «Ашық кафедра» жобасы шеңберінде продюсер, «Ал давай» тобының мүшесі Шухрат Омаров дәрісі өтеді.


20.10.2011 Жаңа электронды құрылғының мүмкіндіктері таныстырылды

20 қазан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дене шынықтыру және спорт кафедрасында география және табиғатты пайдалану факультетінің туризм кафедрасымен және ҚР спорттық бағдарлау Федерациясымен бірлесе отырып электронды белгі қоюға арналған SPORTident (Германия) құрылғысының және Winorienta (Россия) бағдарламасының мүмкіндіктерін көрсетуге арналған халықаралық тәжірибелік семинар басталды.


20.10.2011 «Анорганикалық заттар мен материалдардың бүгінгі химиясы мен технологиясы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті

Бүгін химия және химиялық технология факультетінде белгілі ғалым, педагог, білім беру ісінің озаты, ҚазССР ҒА академигі, Бектұров Әбікен Бектұрұлының 110-жылдығына арналған «Анорганикалық заттар мен материалдардың бүгінгі химиясы мен технологиясы» атты халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады.

Оған ҚазҰу-дың бірінші проректоры М.Бүркітбаев, химия және химиялық тхнология факультетінің деканы Е.Оңғарбаев және химия саласының мамандары, факультет студенттері қатысты. Санкт-Петербор мемлекеттік технолгиялық институтының профессоры В.В.Гусаров «АЭС жүйесін қауіпсіздендіруде жаңа бейорганикалық материалдар. Оларда жасау, енгізу» баяндамасын оқыды. Атом электр стансасын қауіпсіздендіру бүгінде әлем алдында қызығушылық танытып отырған өзекті мәселе болғандықта, конференция қатысушылары бұл тақырыпқа белсене араласты.


20.10.2011 Тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму бағыты

Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің ұйымдастырумен 2011 жылғы 19 қазанда Ғылыми кеңестің мәжіліс залында Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Ш.Е.Жаманбалаеваның қатысуымен деканның оқу, әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, кафедра меңгерушілерінің оқу, әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, Куратор-эдвайзерлер кеңесі мен Куратор-эдвайзерлер мектебі мүшелерінің қатысуымен кезекті семинар-мәжілісі өтті.

Семинардың күн тәртібінде осы аптада Ғылыми кеңестің отырысында қарастырылған оқытушы-профессорлар құрамының индикативті жеке жұмыс жоспарына ерекше көңіл бөлінді. Соның ішінде әлеуметтік даму бағыты бойынша факультет пен кафедраның интдикативті жоспары қызу талқыланды. Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Г.Ә.Сәрсенбекова оқытушының индикативті жеке жұмыс жоспарының құрылымы, оқытушы-профессорлар құрамының индикативті жеке жұмыс жоспарының оқытушы-профессорлар құрамының рейтингісімен байланысы, ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму бойынша индикативті жоспары жайында дайындаған кестемен жан-жақты таныстырды. Әлеуметтік дамыту бағыты бойынша жұмыстың тиімді де нақты бағыттарын айқындап көрсетті. Сондай-ақ, студенттер арасындағы әртүрлі тәртіп бұзушылықтың алдын алу мәселесі, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жалпыуниверситеттік шаралардың орындалу барысы және өткізілу сапасы туралы, универсиеттегі студенттік клубтар мен үйірмелердің ережелері, университет студенттері мен оқытушылардың жалпыуниверситеттік шараларға қатысу белсенділігі туралы айтылды.


20.10.2011 KazNU Урбани́я – студенттік фестивалі өтеді

21 қазан сағ.16-00-де Эконимика және Бизнес Жоғары Мектебінің автотұрағында - KazNU Урбани́я студенттік фестивалі өтеді. Фестиваль ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр. Іс-шараның ұйымдастырушысы R.I.M. реп клубы мен Алматы жастарының конгресі.


20.10.2011 ҚазҰУ ұжымы театр қойылымына барып қайтты

19 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен 200-ге жуық куратор-эдвайзерлер мен студенттер Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 65-маусымның ашылу салтанатында «Қозы-Қөрпеш-Баян Сұлу» қойылымын тамашалап қайтты.


20.10.2011 Польша Республикасының Казақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Яцек Ключкевскимен кездесу өтті

«Талейран» Дипломатиялық клубының ұйымдастыруымен 19 қазанда халықаралық қатынастар факультетінде Польша Республикасының Казақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Яцек Ключкевскимен кездесу өтті.

Кездесудің басында Елші Польша мемлекеттілігінің құрылуы, поляк халқының өз тәуелсіздігі үшін күресі, қазіргі уақыттағы Польшаның әлемдегі, соның ішінде Еуропадағы саяси және экономикалық ахуалы, Қазақстан мен Польшаның ынтымақтастығы туралы сөз қозғады. Кездесу барысында декан Кәрімжан Нұрымұлы халықаралық қатынастар факультетінде Польша елшілігінің қолдауымен Польшаның ақпарат ресурс орталығын ашу туралы ұсынысын алға тартты. Оның ойынша, бұл орталық Польша тіліне, тарихына және мәдениетіне қызығушылық танытқан студенттер үшін үлкен академиялық қолғабыс болмақ.