Жаңалықтар

Ынтымақтастық бағыты талқыланды

02.11.2017

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаевтың Түркияның Афьон Кожатепе университеті делегациясымен кездесуі болып өтті. Шара аясында делегация өкілдері ҚазҰУ мұражайымен танысып, кампусты аралады.

Бірінші проректор Түркия мен ҚазҰУ арасындағы әріптестікке шолу жасап, өзара тығыз байланыс орнатылғандығын атап айтты.

М.Бүркітбаев өз сөзінде «Бүгінде ҚазҰУ Түркияның Стамбұл, Айдын, Анадолу, Осман Гази, Фатих Сұлтан Мехмет және Бируни сынды жетекші университеттерімен екі жақты ынтымақтастық келісіміне қол қойған. Жыл сайын университетке Түркияның озық оқытушы-профессорлары келіп дәріс жүргізіп отырады. Сондай-ақ университеттер арасында студенттік алмасу, PhD докторантура бағдарламалары ойдағыдай жүзеге асуда», -деді.

2017 жылы Стамбұл университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «әл-Фараби» Еуразиялық зерттеу орталығы ашылған. Атап өту керек, орталық жұмысы кәсіби кадр дайындауға, ҚазҰУ ғалымдарының еңбектерін Стамбұл университетінің халықаралық дәрежелі баспаларында жариялауға және жарияланым белсенділігі мен жиілік көрсеткішін көтеруге, сондай-ақ, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін коммерциялауға бағытталған.

ҚазҰУ-дың білім беру, ғылыми қызметіне қызығушылық танытқан Афьон Кожатепе университетінің бірінші проректоры Мехмет Каракаш әріптестік танытуға дайын екендіктерін жеткізді.

Делегация өкілдері өз университеттері жайлы қысқаша баяндалған бейнероликті ҚазҰУ ұжымының назарына ұсынды. Оқу орнында күні бүгін 13 факультет жұмыс істеуде. Мұнда 3 интитут, 5 білім беру орталығы және консерваториялары бар. М.Каракаштың айтуынша, университет тарих, әдебиет, мәдениет, жаратылыстану, гуманитарлық бағытта жоғары дәрежеде жұмыс істеп келеді. Осы орайда тараптар жазғы мектеп ұйымдастыру, академиялық ынтымақтастық бағдарламалы бойынша бірлесіп жұмыс істеу жайын алға тартты. Онымен қоса екі жақ Erasmus + бағдарламасы шеңберінде бірге жұмыс істеу бағытын ойластыратын болады.

 

Баспасөз қызметі