Жаңалықтар

«Әлем Көшбасшы көзімен»

16.11.2017

ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасы аясында «Әлем Көшбасшы көзімен» кітап көрмесінің тұсаукесері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы залының ашылуы болып өтті.

Шараға ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары, саяси ғылымдарының кандидаты Бақытжан Темірболат, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов және өзге де қоғам қайраткерлері қатысты.

Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Назарбаев моделі» ғылыми конференциясында Әмірхан Рахымжанов модераторлық етті. Конференция барысында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының Алматы қаласындағы кеңсесінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты – Асқар Нұрша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор – Әлия Масалимова, «Альтернатива» аналитикалық зерттеулер орталығының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты – Андрей Чеботаревтар баяндама жасады. Аталмыш іс-шара аясында қонақтар «Әлем таныған – Көшбасшы» кітап көрмесімен танысты. Көрмеге Н. Ә. Назарбаевтың әлемнің бірнеше тілдерінде жарық көрген кітаптары ұсынылды.

Еске салсақ, «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» Елбасы кітапханасы жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекелеріне орай жүзеге асырылды.

Еліміздің астанасын ауыстырған сәттен бері 20 жылдың ішінде алғаш рет Мемлекет басшысының Жеке архиві, Жеке кітапханасы және Музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы қаласының қалың жұртшылығы назарына ұсынылып отыр.

Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен көрсету. Көрермендер назарына Елбасы кітапханасының мұрағат, кітап, музей қорларының материалдары ұсынылатын болады. Олардың қатарында Н. Ә. Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградалары, Қасиетті Құрандардың бірегей жинақтары, мемлекет және үкімет басшыларының қолтаңбасы бар сый кітаптар, сондай-ақ
Н. Ә. Назарбаевтың шет тілдеріне аударылған еңбектері бар. «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін барлық күндері жұмыс жасайды. Шара соңында қонақтарға «Назарбаев моделі» кітабы табыс етілді.