Жаңалықтар

Ақсақалдар бас қосты

25.12.2017

ҚазҰУ-да дәстүрге айналған ақсақалдар кеңесінің қорытынды кеңесі өтіп, онда университеттің ғылыми, оқу, қоғамдық жұмыстары талқыға салынды.

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев өтіп бара жатқан 2017 жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, қазақстандық жоғары оқу орнының тағы бір танымал жаһандық «UI Green Metric Ranking of World Universities – 2017» рейтингіндегі көшбасшылық орнының нығая түскендігін атап айтты. Аталған рейтингте 13 позицияға ілгерілеп, ҚазҰУ 186-орынға көтерілді және әлемнің 200-топ «жасыл» университеті қатарына кірген қазақстандық жалғыз оқу орны болды. Бұған дейін ҚазҰУ атақты «Great Value Colleges» халықаралық ұйымының зерттеулері нәтижесінде 31-орынды иеленіп, әлемнің технологиялық жағынан ең дамыған 50 университетінің қатарына енген болатын. Онда ҚазҰУ ТМД бойынша қатысушы елдер арасында ғана емес, Шығыс және Орталық Еуропаның жалғыз өкілі болып, тұтас Азия континентінен Сингапур және Жапониямен қатар қатысты. Айта кетерлігі, қазақстандық жоғары оқу орнының жаһандық QS World University рейтингте ҚазҰУ 5 жыл ішінде 350 орынға алға жылжып Орталық Азия мен Қазақстан ЖОО-лары арасында алғашқы болып әлемнің ең үздік 250 университеті қатарына қосылды. Сонымен қатар Минск қаласында Беларуссия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ғылыми-білім беру консорциумының қызметін үйлестіру жөніндегі жұмыс комиссиясының VI отырысында ҚазҰУ жоғары оқу орындарының жаңа даму тұғырнамасы – 4.0 университет үлгісін ұсынды.  

Соңғы жылдары университет қабырғасында «идея тудыруынан оны коммерциялауға дейін» атты технологиялық дәліз құрылып, тиімді жұмыс жасалуда. 2017 жылы ҚазҰУ ғалымдары мен қызметкелері 21 оң шешім алып, 90 патентке ие болды. Оның 3-еуі АҚШ мемлекеті тарапынан берілді. Университет ғалымдары мен қызметкерлері  600 жобаны жүзеге асырып, 172 халықаралық қорлар мен ұйымдардың гранттарына ие болды. Сонымен қатар Thomson Reutersи Scopus мәліметтер базасына кіретін ғылыми басылымдарында шыққан әрбір 5-ші мақала ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі, әрі Хирша индексінің 2017 жылы жалпы саны 661 құрады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде осы өткен кезеңде кешенді құрылымдық жаңғырту жүргізіліп, нәтижеге бағытталған менеджмент процесін басқару және жетістікті рейтингтік бағалау жүйелері енгізілді.

Қазақстанда  алғаш рет университет базасы негізінде халықаралық UNIFORM студенттік жобасын жүзеге асыру аясында Токио университетімен бірге «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» ғылыми - технологиялық наноспутниктер жасалды. Сондай-ақ, «Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы–2» (ИИДМБ-2) бойынша кадрлар даярлануда.

Университетте «Hewlett-Packard», «Samsung», «Cisco», «Konikca minolta», «Microsoft», «Alcatel» компаниялардың оқу және ғылыми-зерттеу орталықтары құрылып жұмыс істеуде. Студенттік бизнес-инкубатор, Start-up және Spin-off компаниялар жолға қойылған. Халықаралық ынтымақтастық, академиялық мобильділік, әлеуметтік серіктестік саласында да университеттің даму қарқыны жоғары. Жұмыс берушілер арасында ҚазҰУ түлектеріне сұраныс көп.

Баяндаманы тыңдаған ғалым ақсақалдар университет жұмысына оң баға бере отырып, гуманитарлық ғылым өкілдерін ірі жобаларға тартып, ғылымға қажетті сүбелі ғылыми еңбектің дүниеге келуіне жағдай жасаудың қажеттігін және археология мен этнография саласына арналған оқулықтарды шығару туралы мәселе көтерді. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Жоғарғы мектеп академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаев жиын соңында университеттің барлық профессорлары мен ұстаздарын жаңа 2018 жылмен құттықтап, шығармашылық табыс пен денсаулық тілеп, ТМД елдері арасындағы үздік университеттің одан ары қарай өрлеп, жоғары рейтингтерге жете беруіне бағытталған ауқымды жұмыстарды атқару қажеттігіне жіті назар аудартты.

Баспасөз қызметі