Жаңалықтар

«Ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз»

20.07.2018

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Қытай мелекеттік шәкіртақы кеңесінің басшының хатшылық орынбасары Ван Шэганмен кездесті.

Кездесу барысында Жібек жолы бойында орналасқан елдердің арасындағы білім беру саласы бойынша ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Келешекте осы бағытта ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланып, Қытайдың бірқатар жетекші университеттерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру, шәкіртақы бөлу мәселелері талқыланды.

Сөз алған бірінші проректор М.Бүркітбаев Қазақстан мен ҚХР Мемлекет басшылары негізін қалаған айтулы жемісті ынтымақтастық нәтижесін сөз етіп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тәжірибеден және тілдік тағылымдамадан өту мүмкіндігі жайлы айтты.

«ҚазҰУ мен Қытайдың әріптес оқу орындары жоғары білім беру мен академиялық ұтқырлық үдерісінде бірлесіп жұмыс істеп келеді. ҚХР-дың 200-ден аса студенттері жоғары білім алуда ҚазҰУ-ды таңдайтын болса ал мыңдаған қазақстандық студенттер Қытай университеттерінде оқу оқып жатыр. Қытайлық ЖОО-лармен әріптестік барысында көптеген жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі ретінде Шанхай шет тілдер университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ашылуын және өткен жылдан бастап ҚазҰУ-дың қолдауымен Пекин шет тілдер университетінде де қазақ тілі пәні жүргізілуін айта аламын», - деп атап өтті Мұхамбетқали Бүркітбаев. 

Келіссөздер барысында Қытай делегациясы білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеулер секторындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.

 

Баспасөз қызметі