Жаңалықтар

ҚазҰУ студенттері XVIII жазғы Азия ойындарына қатысады

15.08.2018

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта қаласында өтетін XVIII жазғы Азия ойындарына қатысады.

Азиада ойындарында Қазақстан құрама командасының құрамында  ҚазҰУ-дың спорт саласында жетістікке жетіп жүрген студенттері дзюдо, жүзу, бокс, синхронды жүзу, садақпен ату, грек-рим және еркін күрестен қатысатын болады.

Олардың арасында еліміздің танымал спортшылары, ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері де бар. Атап айтар болсақ, брасс бойынша 200 метр қашықтықта олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, қазақстандық дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Елдос Сметов, әйелдер күресі бойынша ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиаданың қола жүлдегері Эльмира Сыздықова.

Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 440 спортшы қатысады, оның ішіндегі 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды.

Джакартадағы (Индонезия) Азия ойындарында жалпы есебі 462 медаль жиынтығы сарапқа салынады, оның ішінде 363 жүлде олимпиадалық спорт түрлерінен өз иесін таппақ. Тағы бір айта кетерлігі, биыл Азия ойындарының бағдарламасынан нысана көздеу және стенд атудан командалық жарыс пен бокстан ерлер арасында ауыр салмақ дәрежелері (81 келі, 91 келі, +91 келі) алынып тасталды.

Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Баспасөз қызметі