Жаңалықтар

ҚазҰУ-ға Астана халықаралық қаржы орталығының өкілдері келді

02.10.2018

ҚазҰУ-да Астана халықаралық қаржы орталығының өкілдері экономика және бизнес жоғары мектебінің оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесті.

Кездесуде исламдық қаржыландыру, исламдық экономика, «жасыл» қаржы және қаржы технологиялар саласындағы Қазақстан мамандарының кәсіби даму мен кадр әлеуеті мәселелерінің негізгі бағыттары талқыланды.

АХҚО басқарма мүшесі, басқарушы директор Ернұр Рысмагамбетов, АХҚО академиялық кеңес төрағасы, профессор Александр Ван де Пут, медиа-орталық бюросының басқарушысы Эльмира Сейдазимова тақырыпқа байланысты ойларын ортаға салды.

ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Асқар Хикметов өз сөзінде қазіргі экономикада қаржы секторы үшін жоғары білікті кадрларды даярлау экономикалық өсудің негізгі факторларының бірі деп атап өтті. Исламдық қаржыландыру саласында жоғары білікті мамандарды даярлау және қайта даярлау үшін ҚазҰУ және АХҚО бірлесіп, исламдық қаржы ғылыми және білім беру орталығының жұмысын бастамақ.

АХҚО-ның басқарушы директоры Ернұр Рысмағамбетовтың айтуынша, болашақ мамандарды «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) негізіндегі үздіксіз кәсіптік дамыту бюросы дайындайды. Бұл орайда Шығыс Еуропаның және Сингапурдың қаржы орталықтарының дамуының жағымды тәжірибесі қызығушылық туғызады. Жалпы алғанда, қаржы секторы дамуының негізгі факторы адами капиталды дамыту болып табылады. Қаржы технологиясын дамыту тек осы салада емес, барлық салаларда инновация ортасын құруға көмектеседі деген пікір білдірді.Сондай-ақ, ол биылғы жылдың қазан айының басында әлемнің 80 елінің қатысуымен екінші рет инвесторлар аптасы (Investor week) өткізілетінін атап өтті. Осындай елеулі оқиға қарсаңында ҚазҰУ студенттері мен магистранттарымен кездесудің маңыздылығына назар аударды. Профессор Александр Ван Де Пут студенттерге АХҚО және оның 200 халықаралық серіктес ұйымының базасында ақылы тағылымдамадан өту мүмкіндігі туралы айтты. Студенттер мен магистранттар 15 қазаннан 22 наурызға дейін үміткерлерді іріктеуге қатыса алады.

АХҚО бюросының медиа-орталығының басшысы Эльмира Сейдазимова ҚазҰУ-дың жоғары рейтингі мен берік ұстанымын, сонымен қатар тек елде емес, аймақта да жетекші университет болып табылатынын атап өтті. Университетті QS әлемдік рейтингісінде 220 орын алуымен құттықтады.

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын қалыптастыруда АХҚО-ның қатысуы, ҚазҰУ жанындағы исламдық қаржыландыру орталығының белсенді жұмысы, оқытушылар құрамын «trainer to trainer» бағдарламасы бойынша дайындау, халықаралық ұйымдарда тағылымдамадан өтетін студенттерге мүмкіндік беруде ынтымақтастық бағыттары анықталды. 

Экономика және бизнес жоғары мектебі