Жаңалықтар

Білім саласында жемқорлықты болдырмау

16.11.2018

ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласына арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсынымдардың 1 кезеңінің таныстырылымы өтті.

Шараға Білім және ғылым вице министрі Аймағамбетов Асхат, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және ЖОО ректорлары мен оқытушы профессорлар құрамы қатысты.

Шараны ашқан Ғалым Мұтанов «ҚазҰУ базасында үстіміздегі жылдың сәуір айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі құрылған болатын. Қазіргі таңда бұл кеңсе жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасы мен мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмысын жалғастырып жатыр. Кеңсе құрылғалы 7 ай ішінде білім беру мекемелеріндегі барлық деңгейлер бойынша жемқорлыққа қарсы жұмыстардың қызметін талдау, олардың сапа көрсеткішін өңдеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы шаралардың тиіміділігін арттырудың тетігін табу бағытында бірқатар іс-шаралардың өткендігін атап өту қажет», – деді ректор.

Сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Саналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесі ашылғаны баршаға аян. Бүгін біз осы орталықтың негізгі қызмет бағыттарының іске асу барысын және жемқорлықпен күресте жоғары оқу орындарының ұстаздарын кеңінен жұмылдыру мәселелерін талқылауға жиналып отырмыз. Жемқорлықты түбегейлі жою мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Елбасы Н. Назарбаев жемқорлық дертімен күресте азаматтық ұстаным мен қоғамдық белсенділіктің маңыздылығын ерекше атап өткен. Осы ретте «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің атқарар қызметі ұшан теңіз. Орталық ашылғалы бері білім беру мекемелерінде 200-ге жуық әртүрлі іс-шаралар өткізіліп, 10 мыңнан астам адам қамтылды. Білім саласында жемқорлық көріністерін жоюға бағытталған нақты ұсыныстар енгізілді. Жемқорлық қатерлері және оған қарсы технологиялар картасы да әзірленді», – деді әкім.

«Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев «Кеңсенің бүгінгі күнге дейін іске асырған жұмысының нәтижесі бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, кеңсе қызметкерлері жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу нәтижесінде білім саласының барлық деңгейлерінің негізгі мәселелері мен әлсіз тұстарын анықтады. Білім беру мекемелерінің және жемқорлыққа қарсы мәдениеттің ашықтығы, академиялық адалдық, ақпараттық қолдау және білім беру саласындағы жемқорлыққа қарсы заңнамалар сынды негізігі бес бағыт бойынша одан әрі жұмыстар жалғаса беретінін атап, болашақта оң нәтиже беретін жаңа әдістер мен механизмдерге баса назар аударылды. Бүгінде әрбір бағыт сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру үшін қоғамдық сананы жаңғырту және жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту бағытында жұмыстар атқарып жатыр», – деді жетекші.

Жиын аясында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Мемлекет басшысы Н. Назарбаев қоғамды сыбайлас жемқорлыққа және оның кез келген көріністеріне қарсы жұмылдыру мен жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған мақсатты маңызды міндеттер қойды деп атап өтті. А. Шпекбаев барлық ЖОО басшыларын жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы шаралар бойынша тәжірибе алмасуға, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуге шақырды.

Бүгінде еліміз үшін жемқорлықпен күрестің әлемдік тәжірибесін зерттеу және талдаудың маңызы зор деген жиынға қатысушылар шара барысында білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу оны болдырмау және жемқорлыққа қарсы сауаттандыру мәселелерін кеңінен талқыға салды.

Сондай-ақ ҚазҰУ-ға келген құрметті қонақтардың іс-сапары барысында «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында «Адалдық дүкені» деп аталатын дүкеннің салтанатты ашылу рәсімі болды. «Адалдық дүкенінде» өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі енгізілген, яғни кассадағы қорапшаға ақшаны қалдыру арқылы тауарды сатып алушы өзі есептесетін болады.

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz