Жаңалықтар

«Тәуелсіздік таңындағы жаңа тұлғалар» атты жобаның алғашқы қонақтарымен кездесу өтті

15.03.2013

Университетімізде студент жастарды жігерлілік пен еңбекқорлыққа тәрбиелейтін «Тәуелсіздік таңындағы жаңа тұлғалар » атты жаңа жоба бастау алды. Жас та болса халқымыздың бүгіні мен ертеңіне елеулі үлес қосып, қоғамда айырықша орын алып үлгерген аға буынмен пікір алмасу барысында студенттердің санасы өмірлік ұстаным мен зор рухани қазынаға толықпақ. Игі шараның алғашқы қонақтары – көпшілікке танымал ақын, жүргізуші Ринат Зайытов пен тындарман қауымға ерекше жақын Ғаділбек Жанай.

Кешке ҚазҰУ-дың өнер мен өлең сүйген студенттері қатысып, қос қонаққа көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ұтқыр әрі қызықты жауаптар алды. Бір таңқаларлығы, жобаның алғашқы кездесуінен-ақ ҚазҰУ жастарының белсенділігі мен қызығушылығы байқалды. Биология факультетінің үлкен акт залында ине шаншар жер қалмады. Кеш барысында Ринат Зайытов филология факультетінің 3-ші курс студенті Рауанмен айтысып, көрермендерге өзінің суырып салма айтыскер ақындық өнерін паш етті. Жігітке жеті өнер де аз демекші, Ринат Зайытов шара барысында белгілі жұлдыздарға, өнер қайраткерлеріне пародия салып залды күлкіге бөледі. Ал әнші Ғаділбек Жанай қонақкәде ретінде әнмен шашу шашып, көрерменді бір серпілтіп алды. Жоба жалғасын таппақ.

Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім