Жаңалықтар

Студенттік «YouthTravel» start-up компаниясы «Шарын шатқалына» саяхат ұйымдастырды

18.03.2013

Көктемнің алғашқы мерекесі Наурыз мейрамына орай көктемгі табиғат аясын тамашалау мақсатымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бірінші студенттік «YouthTravel» start-up компаниясы қызылт аңғарлар әлемі саналатын «Шарын шатқалына» үлкен тур өткізді. Оған университетімізден студенттер мен оқытушылар және де өзге де Алматы қаласындағы ЖОО-ның студенттері келіп, Шарында уақыттарын көңілді өткізді.

Шарынның қайталанбас табиғатына сүйсінген тарих, археология және этнология факультетінің 1-курс PhD докторанты Мөлдір Өскенбай: Мұн­дағы бар­лық шатқалдар мен сай­лар тыл­сым сырға толы. Жел­ді күн­дері “Мыс­тандар сайы” деп ата­латын жер мистикалық дыбыстарға то­лы. Аңыз­дарға қарағанда, бұл ды­быстар – мыстандар тас бағаналар ара­сына адас­тырып апарып, шы­ңырауға ите­ріп жіберген, кешіккен жо­лау­шы­лар­дың ыңырсығандары. Алай­да үрей­лі дыбыстар шығудың шынайы се­бебі ғылыми дәлелденген. Демек, бұдан қорқып, үркеудің еш жөні жоқ. Бүгін менімен келіп отырған университетіміздің дайындық бөлімінде оқитын кореялық студенттерге осы жайлы әңгімелеп бердім. Олар біздің елдің сұлулығына, таңғажайып табиғатын тамсанып, қызығушылықтарын білдіріп жатты.

Ал, «YouthTravel» start-up компаниясының директоры Алмасхан Абдикеримов «Біз осындай еліміздің інжу-маржаны саналатын көрікті орындарына саяхатты үнемі жүргізіп тұрамыз. Әсіресе, ең басты мақсатымыз жастарға осындай саяхаттарды ұсыну. Сонда олардың Отанға деген рухтары оянып, ұлағатты ұлт азаматтары болып өсулеріне шынайы күш береді деген ойдамыз. Олар ертеңгі ел тірегі десек, олардың өз өлкесін жете тануы аса қажет құндылық екенін басты назарға аламыз», - десе, осы Ұлттық табиғи парктің инспекторы Бекмұхан Исабек «Біз табиғи паркті көздің қарашығындай күзетеміз. Туристердің келуі мен кетуі, іс-қимылдары бәрі-бәрі біздің назарымызда болады. Өйткені, қоршаған ортаның осындай көрнекті өлкесін болашаққа сақтап қалу үшін сақтық шараларын жасамаса, кермек кереметтен кенде қаларымыз сөзсіз»,-деді.

Әлемде өзіндік орны бар табиғаттың көркем жері саналатын Шарындай шатқалымен әр қазақ мақтануы тиіс. Тіпті, бір кереметі саяхаттан Шарын өзенің бойлап өскен сонау динозаврлар заманынан бері өсіп келе жатқан «Шетен» ағашына куә боласыз. Өсімдіктер әлемінің ең көнесі, арғы атасына кіретін бұл өсімдік тек осы аңғарда ғана өсетінін ескерсек, бұл еліміз үшін, жеріміз үшін мақтанышпен айтарлық дүние екені сөзсіз. Мұнда келіп жатқан туристер де, ғалымдар да, тілшілер мен фототілшілер де көп.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі