Жаңалықтар

Университетте Наурыз мейрамы тойланды

21.03.2013

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жастар алаңында Ұлыстың Ұлы мерекесі Наурыз мейрамын тойлау басталды. Университеттің әкімшілік департаменті, Студенттер қалашығы, Жоғарғы студенттер кеңесі, жатақханалар мен оқу корпустарының ұйымдастыруымен өткен мереке барша жиналған жұртты үлкен дайындығымен, тамаша концерттік қойылымдарымен қуантты.

Жастар алаңында әр жатақхана мен оқу корпустары бірігіп, киіз үй тігіп, «Ырысты», «Мейірім», «Алатау», «Жолтай», «Төле би», «Самұрық», «Жастар» атты ауыл құрып, дастархан жайып, келген қонақтар, университет проректорлары, департамент директорлары, факультет декандары мен студенттер ауыл-ауылды аралап, алаңда ән шырқап, би жарысына қатысты.

«Бүгінгі тамаша ауа-райында жаңа жылды қарсы алып отырмыз. Жаңа жыл жақсылыққа толы болсын. Бәріміз ауыл ауылды аралап, дәм татып, дастархандас болып, ұлы мейрамды бірге тойлап отырмыз. Бұл мейрам университетте бір ай тойланады. Бүгін міне, бастамасы. Ұлыстың ұлы мейрамында сіздерге амандық, саулық, бақ пен қуаныш тілеймін», - деді құттықтау сөзінде ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М. Бүркітбаев.

Үлкен әжелер кимешекпен, кішілері оюланған комзолда, үкілі бөрікпен шығып, ұлттық салт-дәстүрімізді, қазақы құндылықтарымызды сақтайтындығын, құрметпен қайратынын тағы да бір көрсетті. Студенттер арасында «ҚазҰУ рекордтар клубы» наурыз көже мен бауырсақ жеуден жарыс өткізсе, жатақханалар мен факультет қызметкерлері домбырамен ән шырқап, топ болып хор айтып жарысты. Ұлттық ойын түрлері, арқан тартыс, қазақша күрес, айтыс, алтыбақан ойналып, университетте жастар ұлыстың ұлы мерекесін қуанышпен қарсы алуда.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі