Жаңалықтар

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Иран Ұлттық Қауіпсіздік Жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалилимен кездесу өтті

04.04.2013

Кездесуге университет оқытушы-профессорлық құрамы, шығыстану, философия және саясаттану факультеттерінің магистранттары мен студенттері қатысты. Бұл сапар оның Қазақстандағы жоғары оқу орнына тұңғыш келуі. С. Джалели ҚазҰУ-ға ағымдағы жылдың 5-6 сәуір аралығында Алматыда өтетін «Алтылық» ирандық ядролық бағдарламасы аясындағы сапары барысында қонақта болып отыр. Келіссөздің басты тақырыбы Иранның ядролық бағдарламысын реттеу болмақ.

Алқалы жиынды ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов құттықтау сөзімен ашты. «Қазақстан мен Иран екіел арасында әріптестік қарым-қатынас артып келеді. Соның бір белгісі, біздің университеттің Ирантану мамандығын меңгеріп жатқан студенттеріміз бен магистранттарымыз Иранның оқу орындарында білім алып жатыр. Сіздің дәрісініз осында отырған жастарға құнды да керек мәліметтері арқылы келешекке білім қоржындарын толықтыруға таптырмас дүние болмақ. Бәріңізге сәттілік, Сізге зор алғысымды білдіремін», - деді ректор.

Иран Ұлттық Қауіпсіздік Жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили Аймақтық қауіпсіздік пен Тегеранның атомдық бейбітшілік қалыпта дамуының жоспары туралы дәріс оқыды. Онда Америка, Иран елдері арасындағы қарым-қатынастар, елдегі қазіргі саяси хал-ахуал туралы кеңінен айтты. «Сіздер білім алып отырған университет әл-Фараби атында, ол қайырымды қала, қайырымды қоғам туралы көп зерттеп, жазды. Әділдікті көздеді. Сіздер де білім нәрімен бірге әділетті болуды ту етіп жүргейсіздер. Ал, дәріс негізінде айтарым, ядролық қаруға ие ел – ең қауіпті ел. Біздің қазіргі әділдік үшін күресіміз, әрбір адам үшін күрес деуге болады. Сіздермен бүгінгі кездесу наурыз, көктем мезгілінде өтіп отыр, біздің де ертеңгі кездесу келіссөзіміз жаңа көктемдік жұмысқа бетбұрыс болады деп сенгім келеді. Сіздерге ыстық ықыласымды білдіремін», - деді С. Джалили.

Дәріс соңында студенттер өз сауалдарына сұрақ-жауап барысында толық жауап алды.

Бұл іс-шараға Иран Ұлттық Қауіпсіздік Жоғары кеңесінің өкілдері, ҚР-дағы Иран Ислам Республикасының дипломатиялық корпусының мамандары қатысты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі