Жаңалықтар

Жазушымен жүздесу

25.04.2013

«Біздің заманымыздың жаңа қаһармандары» атты тақырыпта жазушы, кинодраматург, «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Қиямет-қайым ғасыры» және т.б. туындыларының авторы Смағұл Елубаймен кездесу өтті. Кездесуді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің қазақ әдебиеті тарихы және теориясы кафедрасы ұйымдастырды. Ұйымдастыруға аталмыш кафедраның оқытушы-эдвайзерлері Алтынай Жүсіпова мен Шоқан Шортанбаев ұйытқы болды.

Смағұл Елубаймен кездесу барысында жазушымен бірге, факультет ұстаздары, профессор Қанипаш Мәдібай, жазушының шығармаларын орыс тіліне аударған профессор Аслан Жақсылық, профессор Зинол-Ғабден Бисенғали, доценттер Раушан Әбдіқұлова, Самал Дәрібайұлы да қатысты.

Шара барысында Смағұл Елубай қазіргі қоғамды алаңдатып отырған дін мәселесін тілге тиек етті. «Еліктеуге бой алдырмауымыз керек. Батысқа еліктесек, олардың рухани құлдырауы бізге келеді. Сондықтан Батыстың экономикалық жағдайына еліктеуіміз керек, Арабтың имани жағына еліктеуіміз керек. Бірақ, фанатизмге бой алдыруға болмайды. Дінді өз ата дәстүріміз бойынша ұстанғанымыз абзал. Біз өз ата жолымыз бар халықпыз»,-деді жазушы.

Смағұл мырзаның мазмұнды әңгімесінен соң кезек аудиторияны қамтыды. Студенттермен әңгіме-сұхбат құрып, жазушыға сұрақтар қойылды. Студенттердің сұрақтары жазушының кинодраматургиядағы, қазіргі шығармашылығындағы жетістіктерге және бүгінгі әдеби сын төңірегінде өрбіді. Студенттер қаламгермен сұхбат жүргізу барысында өздерінің білім деңгейлерінің жан-жақты, әрі терең екендігімен сүйсінтті.

Кездесу соңында студенттер мен ұстаздарға қонақтың кітаптары таратылып, қолтаңба беріп, естелік суретке түсті.

«Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие. 2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс. Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек. Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс. Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек», - деп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Осы негізде өткізілген шараның жастарға берері мол болды.

Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті