Жаңалықтар

«Әл-Фараби» олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

26.04.2013

ҚазҰУ-дың мәжіліс залында республика оқушылары арасында өткен «Әл-Фараби» пәндік олимпиадасының салтанатты жабылуы болды.


Мұнда «Әл-Фараби» олимпиадасының жеңімпаздары сертификаттармен марапатталды. 3-орын иегерлеріне Алматы қаласы білім басқармасы ғылыми-методикалық кабинетінің жетекшісі Елена Тюкачева, 2-орын иегерлеріне «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы филиалының директоры Сара Құдабаева, ал 1-орын иегерлеріне ҚазҰУ проректоры Уәлихан Әбдібеков сертификаттар табыс етті. Жалпы 2013 жылы кезекті өткізіліп отырған «Әл-Фараби» олимпиадасының жеңімпазы – 150-ді құрады.

Олимпиаданы ҚР білім және ғылым Министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, облыс білім басқармалары мен РҒПО «Дарын» бірлестіктері өткізді. «Әл-Фараби» олимпиадасының басты мақсаты мен міндеттері зерек оқушыларды анықтап, қолдау көрсету, оқушылардың шығармашылық біліктіліктерін дамыту және білімді насихаттау, білімге деген қызығушылықтарын арттырып, шығармашылық мүмкіндіктерін күшейту. Биылғы олимпиаданың басты ерекшелігі 2 кезеңде он-лайн түрде өтті, оқушылар өз тұрғылықты жерлері ауыл, қалалардан ешқайда бармай-ақ олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды, осылайша ҚазҰУ еліміздің барлық алыс аудандардағы жоғарғы сынып оқушыларына өз білімдері мен жетістіктерін сынауға мүмкіндік ашты. «Әл-Фараби» олимпиадасына тіркелу www.kaznu.kz. сайтында жүрді.

«Тіркелген оқушылар саны Қазақстанның барлық аудандары бойынша 10000-ға жуық қатысушыны құрады. 2013 жылдың 6-8 ақпан аралығында «Әл-Фараби» олимпиадасының 1-кезеңі өтті. Алматы және Астана қалалары бойынша және Қазақстан Республикасының барлық облыстарының 10-11 сынып оқушылары қатысты. Олимпиаданың 1-кезеңінде 10233 оқушы қатысып, белгіленген деңгейден 4372 оқушы өтті. «Әл-Фараби-2013» олимпиадасының 2-кезеңі Қазақстан Республикасының барлық аудандары бойынша 2013 жылы 11-12 наурыз аралығында он-лайн түрде өтті, Астана қаласы бойынша 2013 жылы 23 ақпанда, Алматы қаласында 2013 жылы 24 ақпанда өтті. Олимпиаданың 2-кезеңінде Алматы және Астана қалалары сонымен қатар, еліміздің барлық облыстары бойынша 2234 оқушы қатысып, 14 пән бойынша 1,2,3-орындарды иеленгендер анықталды», - дейді профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Оқу жұмысы жөніндегі проректоры Уәлихан Әбдібеков.

Марапаттау салтанатына құрметті қонақтар, өткен жылдың жеңімпаздары, атақты ғалымдар және университет оқытушылары, студенттік кеңес құрамы қатысты. «Әл-Фараби» олимпиадасының 2012 жылғы жеңімпазы бүгінде ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің Әйгерім Жүніс қатысушыларға тілегін жеткізіп, алда талай асуларды бағындыруды тіледі.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі