Жаңалықтар

«Айналаңды нұрландыр!» фестивалі өтті

26.04.2013

Қоғамды ізгілендіруді университет қабырғасында жүрген студенттер жетік меңгеруі керек. Жастар өмірді сүюді, жақсылық жасауды, адамгершілік қасиеттерді кеңінен меңгерсе, олар маман атанғанда қоғамды гүлдендіруге барынша үлес қосады. Осындай құндылықтарды алдыңғы орынға қойған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ректор Ғалым Мұтановтың бастамасымен «Айналаңды нұрландыр!» жобасы қолға алынған. Осы жоба аясында 26 сәуірде ҚазҰУ-да «Айналаңды нұрландыр!» атты студенттік фестиваль өтті.


Жастарға адамгершілік құндылықтарды, жақсылық пен ізгілікті насихаттауды мақсат еткен жобан екі жылдан бері университет ұжымы және студенттері арасында қызу қолдау тапқан. «Адамдар бір-бірімен мейірімді қарым-қатынаста болып, адамгершілік қасиетті басты орынға қойса, қоғам дамиды. Кез келген жан өмірге қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстауы керек. Көреалмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиеттер емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойына қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау арқылы, тәрбиеге ден қою арқылы елді, ұлтты дамытамыз. Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының негізгі діттегені де осы», - дейді фестиваль ашылуында сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. Университет басшысы көрерменге қарата «қашанда жақсылық жасаңдар» деген сөзімен ойын қорытындылады.

Бүгінгі ұйымдастырылып отырған фестиваль аясында студенттер бойындағы ізгілікті байқауға болады. Осы негізде жобаның белсенді қатысушыларына арнайы сыйлықтар да ұсынылды. Бұдан өзге фестиваль барысында университеттің әр факультетінің студенттері Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін бірнеше шет тілдерінде жатқа айтып, Гете, Лермонтов туындыларынан да орындады. Сонымен бірге халық әндерінен, әлемнің бірнеше тіліндегі классикалық және заманауи әндерден орындап фестиваль көркін келтірді. Көрермендерге «Айналаңды нұрландыр!» тақырыбындағы өздерінің авторлық туындыларын ұсынды. Бұнымен қатар, жобаның «Нұрландыр» (www.nurlandyr.kaznu.kz.) атты негізгі сайтының тұсаукесері болды. Жаңа сайтпен таныстырған ҚазҰУ Жастар ұйымдары комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіқадыров: «Бұл сайттан «Айналаңды нұрландыр!» жобасы жайлы толық ақпарат алуға болды. Сайт жоба мақсатымен таныстырып, жобаның негізгі құндылықтары мен бағыттарын, сонымен қатар бүкіл өткен мерекелік іс-шараларын қамтиды. Болашақта онлай форум енгізіледі. Бұл форумда кез-келген адам өз пікірін қалдыра алады», - деп атап өтті. Ізгілікке негізделген фестиваль ҚазҰУ студенттерінің әлемнің әртүрлі тілдерінде ұлы классиктердің шығармаларынан театрандырылған қойылымдар қойып, «Айналаңды нұрландыр!» өлеңін шырқаумен тәмамдалды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі