Жаңалықтар

«Тамғалы тас» фестиваліне ҚазҰУ-лық «ЖасТур» клубы қатысып қайтты

30.04.2013

Алғашқы халықаралық туристік «Тамғалы-Тас» фестивалі 26-28 сәуір аралығында Алматы облысы Іле өзені жағалауының жанындағы «Тамғалы-Тас» шатқалында өтті. Фестиваль ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен «Табиғат» Экологиялық Одақ бастамасымен өткізіледі. Фестивальға дайындық жұмыстары мен өткізуді Алматы облысының әкімдігі қолға алды.

Аталмыш фестивальдің басты мақсаты – түркі тілдес халықтардың өмір сүру салтын көрсету, ата-бабаларымыздан қалған мәдени мұрамен таныстырып, түрлі спорт түрлерін насихаттау, адамдарды табиғатты қорғау ісіне тарту мен ішкі туризмді дамыту болып табылады.Фестивальге шет елдерден және республикамыздың түрлі аумағынан мекемелер, ұйымдар, бірлестіктер, орталықтар, университеттер келіп, қатысты. Солардың соңғысының ішінде, яғни университтер қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін рекреациялық география және туризм кафедрасының «ЖасТур» деп аталатын туризм мен спортты дамыту клубы белсенділік танытты.

Клубтың мақсаты да айқын. Қазақ жерінің көрікті табиғатына туризмді дамыту. Олар бұл фестивальге барынша дайындалып келіпті. Әсіресе, бұл фестиваль туризм мамандығына енді ғана түскен бірінші курс студенттері үшін үлкен сабақ болары сөзсіз. Тіпті, бұл олардың алғашқы сапарларының бірі де болуы мүмкін. Олардың жанарларынан жалындаған отты байқауға болады. Барлығының бір арманы бар. Осындай көрікті жерлерді насихаттап, елімізді шет мемлекеттер арасында туризм саласы бойынша қарқынды дамыту. Бұл құптарлық мақсат екені даусыз. Лайым осындай қарқын тоқтамасын, сөнбесін деп үміттендік. Жігерлі «Жастурлықтардан» мұндай мақсаттардың әлі орындарларына біз сеніммен қарадық. Фестивальге келесімен олар өздеріне керек аумақты белгілеп, сол жерге шатырларын құрды. Аздан соң тамақтанып алғаннан кейін, белгілеген жоспарлармен түрлі шараларға қатысып қайтты. Бұл фестивальге жиналған көпшілік көп-ақ. Фестиваль бағдарламасында түрлі байқаулар, экологиялық, спорттық және мәдени шаралар жүргізілді. Және де қолөнер шеберлері киіз үйлерден қалашық жасаса, спорт түрлері - көкпар, волейбол, аударыспақ, күрес, ұлттық ән айту, тауға өрмелеу, пейнтбол, эндуро-спринттен жарыстар ұйымдастырылды.

«Тамғалы-Іледе» өтіп жатқан бұл фестивль жайлы «Табиғат» экологиялық одағының басысы Мэлс Елеусізов: «Тамғалы тас» фестивалі – туризмді дамытумен қоса, экологиялық үн айтады. Біз фестиваль аясында экологияны қорғау жайлы да жарыстар өткізіп жатырмыз. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – уақыт талабы. Және туризммен байланысты болуы, еліміздің табиғатын әлемге насихаттау болып табылады. Осы туралы заң да қабылданып жатыр. Маңызды құжаттағы басты идеяларды іске асыру- Алматы облысы аумағынан бастау алуы тегін емес. Еліміздегі шетелдіктерге насихаттар ең тамаша орындар дәл осы Жер жәннаты- Жетісу жерінде»,-деді бізге берген сұхбатында. Және фестивльге қатысқан ҚазҰУ-дің «ЖасТУР» туризм мен спортты дамыту клубының мүшелеріне ағалық алғысын білдіріп, ризашылық танытты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі