Жаңалықтар

Шетелдік студенттер ағаш отырғызды

02.05.2013

ЖОО дейінгі білім беру факультетінде оқитын шетелдік студенттер жылдан жылға жанданып жұмыс істеп келе жатқан GREEN CAMPUS бастамасы аясында акция өткізді. Студенттер сабақта экологияның өзекті мәселелерін, қоршаған ортаның ластану себептерін, олардың алдын алу шараларын жиі талқылайды.

Осы мәселелерді қалай шешу керектігі жөнінде пікірлерін ортаға салады, өзара ой бөліседі. Шетелдік студенттер «Алматы – жасыл қала» деген сөйлемді жиі айтады. Алматы туралы өз ойларының бос сөз болып қалмауы үшін, елдегі экологиялық мәселелерді шешуге теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосу мақсатында осы шараны ұйымдастыруға қатысты.

Қытай, Ауғанстан, Оңтүстік Корея, Иордания, Түркия және басқа да елдерден келген студенттер мегаполистің тура орта тұсында , Бөгенбай батыр мен Масанчи көшелерінің қиылысында орналасқан өздерінің оқу ғимаратарының маңына ағаш отырғызу үшін ерекше қуанышпен кірісті. Олардың көпшілігі бұл күні алғаш рет ағаш отырғызды. Қарапайым ғана ағаш отырғызу акциясы әр елдің студенттерін біріктіретін достық шарасына ұласты. Аталған игілікті шараны өткізу үшін дәл осы күнді таңдау жайдан-жай емес еді. Айналаны көгалдандыруға ниет еткен әр ұлт өкілдері дәл осы күні бірлесе ағаш отырғызып, өздері оқып жатқан еліміздің ынтымақ мерекесіне сый жасағандай болды. Аталған шараны ұйымдастырудың екінші мақсаты шетелдік студенттерді қоғамдық жұмысқа тартудың жолы болып табылады. Бұл акция, жастардың бойында әлеуметтік, экологиялық жауапкершілік қалыптастырады.

ЖОО дейінгі білім беру факультеті